ӘлемСаясатЭкономика

Душанбеде Тәжікстан мен Қазақстан кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтеді

12 қыркүйекте Душанбеде Тәжікстан мен Қазақстан кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтеді. Бұл туралы «Ховар» ақпарат агенттігіне хабарлады.

Тәжікстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының мәліметінше, бизнес-форумға Қазақстаннан 15-ке жуық өндіруші қатысады. Соның ішінде тамақ өнеркәсібі (сары май, ұн, макарон, кондитерлік өнімдер, ет өнімдері), ауыл шаруашылығы (мал азығын өндіру), телекоммуникация жабдықтары, желілік коммутатор, трансформатор, фосфат тыңайтқыштарын өндіру сияқты түрлі салалар бар. Сонымен қатар форумда елдің тау-кен және геологиялық барлау өнеркәсібі де таныстырылады.

Бұл екі мемлекет кәсіпкерлерінің бірінші бизнес-форумы емес. 2019 жылдың шілдесінде және 2021 жылдың наурызында Душанбеде тәжік-қазақ кәсіпкерлерінің бизнес форумы өткен.

Сонымен қатар 2023 жылғы 3 мамырда Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Астанада Қазақстан және Тәжікстан бизнес-форумы өткізілді. Оның аясында 2,6 млрд доллардан астам соманы құрайтын 40-қа жуық бірлескен құжатқа қол қойылды.

Еске салсақ, 25-26 тамыз күндері Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға жұмыс сапарымен келген еді. Мемлекет басшыларының келіссөздері барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 6 айда екі елдің тауар айналымы 500 миллион доллардан асқанын атап өтті. Бұл ретте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Via
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button