БастыСпорт

Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық барысы талқыланды

Елордада Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы туралы кеңес өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Аталған ведмостваның баспаөз қызметі мәлім еткендей, алқалы жиынға Ұлттық спорт қауымдастығының, Ұлттық және ат спорт түрлері орталығының, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекциясы басшылығы және Ұлттық спорт федерацияларының президенттері қатысып, атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады.

©gov.kz

Жиында сөз алған Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу – еліміз үшін маңызды спорттық іс-шара екенін ерекше атап өткенін жеткізді.

«Ойындардың басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырумыз қажет. Бүгінге дейін қандай шаралар атқарылды, алда қандай міндеттер тұр, сонымен қатар қандай мәселелер бар екенін анықтауымыз қажет. Ойындарға дайындық жағдайына келер болсақ, әзірге іс-шаралар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Ұлттық спорт түрлерінен құрама командалардың дайындығы жоғары деңгейде өтуі керек. Сонымен қатар спортшыларға сапалы жағдай жасап, қаржы мәселелері толық шешілуге тиіс», — деді министр.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елімізге әлемнің 100-ден астам елінен делегация келеді деп жоспарланған. Ойынның бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі еніп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді.

Қазіргі уақытта дүбірлі додаға қатысатын спортшылардың тізімі, 2024 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне кіретін спорт түрлері бойынша жарыстардың тізбесі бекітілді. Ойындарға дайындық шеңберінде Ұлттық құрама командалардың спортшылары 2024 жылғы қаңтардан бастап 13 халықаралық, 39 жергілікті оқу-жаттығу жиындарына және 17 республикалық және 23 халықаралық жарысқа қатысады.

Еске сала кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл Астана төрінде 8-14 қыркүйек аралығында өтеді.

TuraNews

Back to top button