Қоғам

Дизайнер-модельер Ұлттық ұлан сапына қосылды

Өскемен қаласындағы түзеу мекемесін күзететін Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімі таяуда екі жүзге жуық жас сарбазбен толықты. Құқықтық тәртіп әскеріне Алматы қаласынан шақыртылған мерзімді әскери қызметші қатарында дизайнер-модельер Қайыржан Кеңес те бар. Алматы қаласындағы сән және қызмет көрсету саласы колледжін тәмамдаған ол еңбек жолын киноактерларға костюм тігуден бастапты. Қатардағы жауынгер адамның кескін келбетін аша түсетін киім сызбасын сызуға бала кезінен үйірсек болған. Өскемендік сарбаз сән саласына қадам басқанын апасының баласы болғанымен сабақтастырады.

— Бала кезімде апамның тігін машинасының инесінен жіп өткізіп беретінмін. Апам құрақ көрпе, көлік алған туыс-туғанға көрпешелер тігетін. Мен матаның бір шетін ұстап, қызықтап жүретінмін. Уақыт өте келе өзім де шағын құрақтар тіге бастадым. Осылайша сән әлеміне деген алғашқы тырнақалды туындыларымды өмірге әкелдім, — дейді қатардағы жауынгер.

Ұландық модельер-дизайнер ғана емес, модель болып та өнер көрсетеді. Қайыржан мамандығына қанша берілсе де, әр азаматтың қасиетті борышы – Отан алдындағы міндетін өтеу деп есептейді. Сондықтан ол сән әлеміндегі армандарына қарамастан, алдымен әскери борышын өтеуді жөн көріп, Ұлттық ұлан сапына қосылды. Оның айтуынша, нағыз тәртіп пен төзімділік адамды кез келген салада биікке жетелейді.

— Сән үлгісін көрсеткенде қаншама адам саған назарын аударып, көзін алмай қарайды. Сол сәтте сен көпшіліктен қаймықпастан сенімді түрде алшаңдап адым басып, киімнің ерекшелігін халыққа әсерлі етіп жеткізуге тиістісің. Ал кеше ғана әскери ант қабылдаған мен енді сырт көзден именбей, қандай ауқымды ортада болсын қайсар да батыл болуды үйрендім. Сонымен қатар әскери тәртіп мені уақытты бағалауға және жауапкершілікті сезінуге баулыды. Алдағы уақытта подиумда модель болып қана қоймай, ең үздік дизайнер-модельер ретінде де елге танылсам деген мақсатым бар, – дейді қатардағы жауынгер.

TuraNews

Back to top button