Басты

Динара Сәдуақасова әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында жылдам шахматтан (рапид) жерлесіміз Динара Сәдуақасова күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Turanews.kz, Қазақстан шахмат федерациясына сілтеме жасап.

Қазақстандық шахматшы Финалдық тартыста  Қытай елінің талантты шахматшысы  Тань Чжунъиге есе жіберді. Әлемнің экс-чемпионы Тань Чжунъи негізгі тартыста Динарамен тең түсіп, тек тай-брейктегі екі  блиц партияда Танның  мерейі үстем түсіп, әлем чемпионы атанды. Рапидтен  үндістандық Савита Шри қола жүлдегер атанды.

Жылдам шахматтан өзге қыздарымыз да тәуір ойын өрнегін көрсетті. Жансая Әбдімәлік 5-орынға тұрақтады. Алуа Нұрманова –23, Әмина Қайырбекова – 26, Бибісара Асаубаева – 29-орынды місе тұтты.  Қазақ елінің болашақ шахмат жұлдыздарына айналатынын паш етіп дәлелдей білген  Зейнеп Сұлтанбек 31-орынға,  Зарина Нұрғаиева 35-орынға тұрақтады. Әлем чемпионатына қатысушы қыздар  29-30 желтоқсан күндері блицтен сайысқа түседі.

Елімізде өтіп жатқан  әлем чемпионаты Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) мен Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен,  Алматы қаласы әкімдігі, мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр.

TuraNews

Back to top button