
Әншінің жеке сайтының хабарлауынша, Чилидегі оркестрлерде ойнаған кәсіби музыканттардан құралған Hemiola string quartet Димаштың әйгілі Love of Tired Swans, Olimpico және S.O.S шығармаларын ішекті аспаптарда орындады. Винья-дель-Мар тұрғындары арнайы жанды дауыстағы орындауды тыңдау үшін тоқтап, видеоға түсіріп, өз эмоцияларын бөлісті.
Іс-шарада Чилидегі атақты Mi Nombre Es (My Name Is) телешоуына қатысқаннан кейін танымал болған жас орындаушы Пабло Ромероның өнер көрсетуі ерекше сәттердің бірі болды. Шарада ол Daididau, Unforgettable Day және S.O.S композицияларын жанын салып орындап, жиналған көрерменді өнерімен тәнті етті.
Қойылым барысында Diffusion тобы қала тұрғынларына Димаш туралы ақпарат пен оның әлеуметтік желілеріне, YouTube арнасына мен Spotify-ға сілтемелері бар плакаттар таратып, оларды әншінің музыкасымен танысуға шақырды.
«Біз чилиліктерге Димаш және оның шығармашылығы туралы айтудан еш жалыққан емеспіз. Бұл ерекше күн болды – музыка расымен де, барлығымыздың басымызды қосты», — дейді ұйымдастырушылар.