ӘлемБастыМәдениет

Димаш Құдайберген Өзбекстандағы Төле би кесенесіне барды

Әнші Димаш Құдайберген Өзбекстан Республикасының Мәдениет және туризм министрімен кездесіп, елдегі киелі орындар мен көрнекті жерлерді аралады, деп хабарлайды Turanews.kz.

Dimashnews.com сайтында жазылғандай, Димаш Құдайберген әкесі, «DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаевпен бірге Өзбекстан Республикасының Мәдениет және туризм министрі Озодбек Назарбековпен кездесті.

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен кездесуде достық қарым-қатынас пен мәдени құндылықтармен алмасудың маңыздылығы, сондай-ақ бірлескен шығармашылық жобалардың болашақ жоспарлары талқыланды.

Ташкенттегі іс-сапар кезінде қазақстандық әртіс Әлішер Науаи атындағы қолданбалы өнер мұражайы мен опера және балет театры сияқты көрікті жерлерге барды.

Сондай-ақ, әнші инстаграм парақшасында жазғанындай, Ташкентке барған сапарында Мәдениет және туризм министрі Озодбек Ахмадовичпен бірге Шейх Хованди Тохур мен Төле би кесенелерін аралаған.

«Шейх Хованди Тохур 14 ғасырда өмір сүрген ғұлама әрі сопы, Ахмет Ясауи ілімін ұстанушы болған. Ол халықты білімге шақырған әулие, ел басшыларын татулық пен келісімге шақырған тұлға ретінде есте қалды.

Төле би XVI ғасырда шейх кесенесі төңірегінде жерленген. Қарлығаш әулие деген атқа ие болған бұл кісі қазақ халқының бас билерінің бірі және «Жеті жарғы» заңдар жинағының авторларының бірі болған.

Ескі Ташкенттегі Себзор массивіндегі хазірет Имамның (Хастимам) бейітіне де зиярат еттік. «Муйи Муборак» медресесінде сақтаулы тұрған хазірет Усман Мұшафи Құран Кәрімінің ең көне данасын көру бақытына ие болдым. Бұл мүбәрәк Құран Аффандағы үшінші халифа Османның (Алла оған разы болсын) бұйрығымен 7 ғасырда (б.з.д. 644-648) бұғы терісіне көшірілген. Сапарымызда өзбек қолөнерінің үлгілерін тамашалаудың сәті түсті», — деп жазады Димаш.

TuraNews

Back to top button