Депутат Данияр Қасқарауов: «Сорбұлақ – Жетісу өңірінің қауіпсіздігіне үлкен қатер»
ҚР Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасына қатысты мәселені Үкімет деңгейінде шешуді талап етті.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «су қауіпсіздігі – ұлттық мүдде» деген сөзін еске салып, 37 жылдан бері қордаланып келе жатқан бұл проблеманың халық денсаулығы мен экологияға ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке де тікелей қауіп төндіріп отырғанын айтты.
Қазіргі таңда Алматы қаласының кәріз сулары жиналатын Сорбұлақтағы су көлемі 750 млн текше метрге жеткен. Егер нөсер, тасқын немесе жер сілкінісі орын алса, Ақши мен Күрті ауылдарын су басып, ластану Іле өзеніне, Қапшағайға және Балқаш көліне дейін жетуі мүмкін. Бұл – ұлттық деңгейдегі экологиялық апат қаупі.
Биыл жүргізілген сараптама су құрамынан 31 түрлі химиялық зат пен ауыр металл анықтаған. Оның ішінде кадмий мөлшері нормадан төрт есе артық. Депутаттың айтуынша, бұл көзге көрінбейтін у адам ағзасында жылдар бойы жиналып, онкологиялық ауруларға себеп болуы ықтимал. «Сасық иістен ауылдар тұншығып отыр, ал уға толы судан ауланған балық базарларда сатылып жатыр», – деді Қасқарауов.
Депутат Үкіметке мынадай шараларды ұсынды:
1. Тәуелсіз сарапшылар мен экологтардан құралған мемлекеттік комиссия құру;
2. Заманауи тазарту станцияларын салу;
3. Бұған дейін бөлінген қаржыларға мемлекеттік аудит жүргізу;
4. Суды ауыл шаруашылығына бағыттап, фермерлерді қолдау.
«Бұл тек Іле ауданы емес, бүкіл Жетісу өңірінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сорбұлақты Үкімет ерекше бақылауына алуы тиіс!» – деп түйіндеді Данияр Қасқарауов.