Денсаулық саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Түркістан өңіріндегі №55 қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде сотты болған 750 азамат жазасын өтеуде.
Өткен айдан бастап Леңгір қалалық емханасы комиссия шешімімен аталған мекемеге медициналық қызмет көрсетуді бастады. Қазіргі уақытта 102 сотталушы диспансерлік бақылауда тұр. Бүгін өңірдің денсаулық саласына қатысты облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Аталған мәжіліске Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Түркістан облыс прокурорының Бірінші орынбасары, полиция және медицина мекемелерінің басшылары мен өкілдері, аудан-қала әкімдерінің жауапты орынбасарлары қатысты.
Жиын барысында Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев баяндама жасады. Өзекті мәселелер мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Арнайы құрылатын бөлімді штатпен қамтамасыз ету мәселесін шешу және қажетті дәрі-дәрмектерді уақытылы жеткізу ұсынылды.
– Мәселе есептік көрсеткіште емес, жұмыста. Дер кезінде медициналық көмек көрсету қажет. Көп тіркелген аурулар қатарында қан айналымы жүйесінің аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, эндокриндік жүйе аурулары тіркелген. Бұдан бөлек тыныс алу жүйесінің және ас қорыту ағзаларының аурулары, созылмалы гепатит секілді аурулар бар. Жазасын өтеушілер де мемлекетіміздің қарамағында екенін ұмытпауымыз керек. Азаматтардың емделу режимін қайта қараңыздар. Бірлесіп жұмыс істеңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Әрі қарай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өңірлік штабтың отырысы өткізіліп, D және Е санатындағы сақтандырылмаған халықты тарту мәселелері туралы қаралды. Бұл бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахит Исмаханбетов баяндады.
– МӘМС шеңберінде медициналық қызметтер барлық азаматқа қолжетімді болу қажет. Облыс халқының 1/5 бөлігі МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Осы ретте, өңірлік штаб жұмысын күшейту керек. Мүмкіндігінше жұмыспен қамтысақ. Аудан, қалалар бойынша азаматтарды сақтандыруға бағытталған жұмыстар өте баяу жүргізіліп жатыр. Ақпараттық-насихат жұмыстары да нашар. Әсіресе, Сайрам, Сарыағаш және Жетісай ауданында, Түркістан қаласында тұрғындарды қамту шаралары бойынша жұмыстардың атқарылу барысы туралы қайта қарап, маған нақты мәлімет ұсыныңыздар. Бұл тек қана медицина саласы үшін емес, бірінші кезекте халықтың мүддесі үшін қажет. Осы орайда болашағымыздың денсаулығын қорғау бағытында қарқынды түрде бірге жұмыс істеуіміз қажет, – деген Бейсенбай Дәулетұлы аталған мәселелерді шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан өңірінде сақтандырылмаған 380 мыңнан астам адам бар. Қала, аудан кесіндісінде саны жағынан жоғары көрсеткіште тұрған 3 аудан, 1 қаланың сақтандырылмағандарының жалпы саны 170 мыңнан асады. Бұл облыстағы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындардың 45% -ын құрап отыр.