БастыТуризм

CNN Travel: Алматы саяхат үшін ең үздік орындардың тізіміне енді

CNN Travel нұсқасы бойынша Алматы 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енді.

Жыл өткен сайын алып шаһардың табиғатын тамашалап, көрікті жерлерін көруге қызығатындардың қатары артқан. Былтыр мегаполиске 1,8 млн-ға жуық адам келіпті. Оның 500 мыңнан астамы – шетелдіктер. Негізінен Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия, АҚШ азаматтары алып шаһарды аралап, осында демалуды жөн санайды екен, деп хабарлайды Qazaqstan TV7

Көктөбеге де соқпай кететін адам кемде-кем. Талай жасты табыстырған мекен мегаполистің брендіне айналған. Былтыр мұнда 300 мыңға жуық адам келіпті. Ал табиғат аясынан тыныштық тауып, белсенді демалысты жақсы көретіндер Іле-Алатауы бөктеріндегі Мыңжылқы үстірті, Алма-арасан, Күйгенсай қайнарларына бет бұрады.

Ернұр Медет, тілші:

Ал қара жер ақ қарға оранғанда Алматы да адам қарасы үзілмейтін бір жер болса, ол осы – Шымбұлақ. Теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан табиғаттың таңғажайып мекеніне биыл 1,5 млн-ға жуық адам келіпті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 23%-ға көп.

Шымбұлақта шетелдіктердің қарасы қалың. 2024 жылы демалыс аймағы «ТМД елдерінің үздік тау-шаңғы курорты» және «Тау аймағындағы ең үздік глэмпинг» аталымдарын жеңіп алды. Бұл да туристердің ағынын арттыруға ықпал етті.

Чандрика, турист /Үндістан/:

Мен жаңа жыл қарсаңында қарды көріп, қысқы суықты сезінгім келді. Содан ғаламтордан осы Шымбұлақты көріп, арнайы келдім. Маған өте қатты ұнап жатыр.

Гресия Вальдез, турист /Канада/:

Біз Алматы туралы достарымыздан еститінбіз. Көптен бері келуді ойлап жүрдік, биыл жоспарымыз орындалды. Әсіресе, осы әсем тауларын көргіміз келетін.

Хуан Кюоң Су, турист /Оңтүстік Корея/:

Біз ұлым екеуміз Оңтүстік Кореядан келдік. Бүгін екінші күн. Әлі толық аралап үлгермедік. Десе де бізге ұнап жатыр. Табиғаты шынымен керемет жер екен

Қысы-жазы тоқтамай жұмыс істеген туристік нысандардың арқасында былтыр қазынаға 85 млрд теңгеге жуық қаражат түсті. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары көрсеткіш.

Мақпал Әбдіқадыр, қалалық Туризм басқармасының бөлім басшысы:

2024 жылдың қорытындысы бойынша 100 шақырым тау жолдары абаттандырылды. Онда нұсқаушы бағыттар, беседкалар, қоршаулар және өткелдер орнатылды. Сонымен қатар 3 кемпинг аймағы, яғни, Альпинград, Титов көлі және Поляна Тера кемпинг аймақтары орнатылды. Кемпинг аймақтар күн панельдерімен жабдықталған.

Бүгінде алып шаһарда 370-ке жуық қонақ үй мен хостел, 5 мыңнан астам дәмхана және мейрамхана бар. Алдағы уақытта осы қызмет көрсету орындарын 1,5 есеге көбейту жоспарланып отыр.

TuraNews

Back to top button