БастыМәдениет

Бурабайда шетелде туып өскен қазақ балалары бас қосты

Бурабайда әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазақ жастары жиналды.

АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Польша, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қытайдан келген жасөспірімдер «Жас Қазақ» жазғы лагеріне қатысуда. Олардың мақсаты – тарихи Отанымен байланысын нығайтып, ұлттық құндылықтарды тереңірек тану, деп хабарлайды TuraNews.kz. сайты Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

130 бала. Бұлар шетелден келген қазақ балалары. Олар түрлі шығармашылық және білім сайыстарында үздік танылған дарынды жастар.

Тарихи отанымен, оның тыныс-тіршілігімен жақынарақ танысу үшін кейбірі 4000, тіпті, 10000 шақырымды артта қалдырған.

Нұрбану Серік, лагерь қатысушысы:

Мен Польшадан келдім. Мына жақта балалардың бәрі жақсы, мұғалімдер де өте сүйкімді, жақсы адамдар. Бурабай күшті, табиғаты әдемі, таза жер екен.

Алибұрақ Қуатбек, лагерь қатысушысы:

Бұл орта адамдармен жақынырақ танысуға, жақсы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Өзіңді үйіңдегідей сезінесің. Достарыммен қазақша сөйлесіп, қазақ тілінде сабақ алып, тереңірек үйренсем деймін. Ата-бабаларымның бәрі қазақша білген. Сондықтан маған да ана тілімді білу маңызды.

«Жас Қазақ» лагері дәстүрлі жоба. 2019 жылдан бастап жыл сайын өтеді. Төрт жыл ішінде 13 мемлекеттен 700-ге жуық бала қатысқан.

Лашын Жанарбек, «Отандастар қоры» КЕАҚ Білім және жастар жұмысы бойынша маманы:

Лагерьдің бағдарламасы өте кең. Бала алғаш келген кезде, олар қызыл, көк, ақ орда сынды 7-8 ордаға бөлінеді. Әр ордада әр мемлекеттен келген балалар болады. Араларындағы достықты нығайту үшін. Сосын оларға тапсырма беріледі. Әрбір сабаққа қатысуына, тәртібіне балл беріліп отырады. Ең соңында үздік ордаға бағалы сыйлықтар табысталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерьге қатысқан балалар арасында Атамекенге көшіп келгендері де бар. Сондай-ақ жоғарғы оқу орнын елімізде таңдағандары да кездескен.

Жания Исмағамбетова, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Иә, отандары басқа. Туған жерлері басқа. Бірақ менің қаным қазақ, менің ұлттық кодым қазақ деп сезіп тұрғандарына таңғалам.

Екі жұмаға созылатын белсенді демалыстан кейін қатысушылар өзара байланыс орнатады. Бірін-бірі қимай кетеді. Атажұртына қайта келгілері келеді, — дейді ұйымдастырушылар.

TuraNews

Back to top button