Бұқтырма көпірі ШҚО-дағы логистикалық хабтың бір бөлігіне айналады
Шығыс Қазақстан облысы елеулі транзиттік әлеуетке ие және ол ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы қарқынды дамуда

Солардың бірі – өткен жылы пайдалануға берілген Бұқтырма су қоймасындағы көпір, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Оның маңызы мен өңірде көлік-логистикалық хаб құру перспективалары туралы ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов айтып берді.
– Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің ашылуы – өңір тұрғындары көп жыл күткен оқиға. Бұған дейін жеті аудан арасындағы көлік қатынасы жазда паром арқылы, қыста мұз үстімен жүзеге асырылып, белгілі бір қолайсыздықтар мен қауіптер туғызатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен аймақта ұзындығы 1316 метр болатын республикадағы ең ұзын көпір салынды. Оның іске қосылуы нәтижесінде 120 мыңнан астам тұрғын үшін жыл бойы қауіпсіз көлік қатынасы қамтамасыз етілді. Бұл халықтың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады,-деп түсіндірді Бақытжан Байахметов.
Көпір тәулігіне 80 мыңға дейін автокөлікті өткізе алады. Нысанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 100-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған: 62-сі жоғарғы бөлігінде, 40-ы көпірдің астында орналасқан. Сондай-ақ мұз жүру кезеңінде тіректерді қорғау үшін 40 мұзжарғыш құрылғы орнатылған. Көпірдің екі жағында тәулік бойы полиция бекеттері жұмыс істейді, ал диспетчерлік пункттер нысанның жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Дұрыс пайдаланылған жағдайда, көпір кемінде 100 жыл қызмет етуі керек.
Жаңа көпір маңында жолаушыларға ыңғайлы болу үшін қоғамдық тамақтану орындары, санитарлық аймақтар және басқа да инфрақұрылым нысандары салынады.
Сонымен қатар «Жол жылы» аясында өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға бөлінетін қаржы екі есеге артты. 31,5 млрд теңгеге 600 км жол мен көше жөнделді, оның ішінде туристік нысандарға апаратын 121 км жол қалпына келтірілді. Бұқтырма көпірі орналасқан Күршім ауданында 2 млрд теңгеге 42 км жол мен көше жөндеуден өтті. Бұл шаралар көлік қолжетімділігін жақсартуға және өңірдің туристік әлеуетін дамытуға бағытталған. Сондай-ақ Күршім ауылын айналып өтетін жол құрылысы басталды, бұл транзиттік көліктердің ауыл орталығына түсіретін жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысы географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан. Өңір арқылы Қытайға, Ресейге және Қазақстанның басқа да аймақтарына шығатын негізгі көлік дәліздері өтеді. Бақытжан Байахметовтің айтуынша, көпірдің ашылуы стратегиялық маңызға ие, себебі ол өңірде қуатты көлік-логистикалық хабтың қалыптасуына ықпал етеді. Мұның сауданы дамытуға, инвестиция тартуға және көрші елдермен экономикалық байланысты нығайтуға оң әсер тигізері сөзсіз.
– Біз көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмысын жалғастырамыз. Оның ішінде автожолдар мен теміржолдарды жаңарту және салу, әуе қатынасын дамыту, заманауи логистикалық орталықтар құру жұмыстары бар. Жол сапасын арттыруға, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және транзиттік тасымал қатысушылары үшін қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылады. Біздің мақсатымыз – Шығыс Қазақстан облысын Еуразия картасындағы негізгі транзиттік торапқа айналдыру, бұл өз кезегінде экономикалық өсімге және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Биыл тағы бір маңызды нысан – Шемонаиха қаласындағы Үбі өзені арқылы өтетін көпір жөндеуден өтеді. Сондай-ақ негізгі автожолдардың бойында сервистік қызметтер дамытылады. Олардың қатарында жанармай құю станциялары, кемпингтер, тамақтану орындары, техникалық қызмет көрсету бекеттері және күзетілетін автотұрақтар бар.