Бүгін, яғни 5 наурыз күні ақ жүрек мұраттастарымен Алаштың аты озғанын қалаған, жаратылысы бөлек, өте туған Әлихан Бөкейханның өмірге келгеніне 157 жыл толып отыр.
Үндістан халқына «жұмсақ күштің» азат рухын дарытып, Британия отарынан құтқарған Махатма Ганди, талан-таражға түскен Осман империясының жұрнағынан өркениетке бет түзеген бәсекеге қабілетті Түркияны құрған Мұстафа Кемал Ататүрік, Чехияны коммунистік жолдан арашалап, демократияға бағыттаған Вацлав Гавел, Израильді араб әлемінің ортасынан қайта құрып, екі мың жылдық иврит тілін тірілткен Давид Бен-Гурион, Қытайдың қазіргі табысына іргетас құйып кеткен Ден Сяо Пин, Оңтүстік Африканы дамудың даңғыл жолына бастаған Нельсон Мандела, Оңтүстік Кореяны таңғы жұпар еліне айналдырған Пак Чон Хи. Өз елін өркениет көшіне табандылықпен іліктіріп кеткен осындай саясаткерлердің ортасынан ойып тұрып орын алатын қазақ көшбасшысы – Әлихан Бөкейхан. Уақыт озып, қоғам санасы жаңғырған сайын Алаш лидерінің тұлғасы биіктеп келеді.
70 жылға созылған ұлтсыздандыру саясатына қарсы ұлттық иммунитет қалыптастырып, қазақтың алдынан тосар қатердің бәріне дауа дайындап кеткен Алаш ардақтыларының серкесі Әлихан Бөкейхан еді.
Ұлтымыздың бойынан қазірдің өзінде оқтын-оқтын көрініс беріп жататын пассионарлық қабілеттің бәрі сол Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтыларының сеуіп кеткен өркениет дәнінен негіз алып жатыр.
Сондықтан оның өмірге келген күні қазақ тарихындағы ең айтулы датаның бірі болып есептеледі.
Қазақ тарихынан Алаш феноменінің өзегін іздеушілер зар-заман ақындары мен Абай шығармашылығына, Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлихановтың білім-ғылым жолындағы жанталасына жиі сілтеме жасайды.
Сол ағартушы буын ұлт бойына дарытқан потенциялды ұлттық бірегейлікке бағыттаған Әлихан бастаған ұлы күрес еді.
Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялы топтың ғылыми жанкештілігін, Міржақып Дулатұлы бастаған рухты азаматтардың саяси күрескерлігін, Жүсіпбек Аймауытов бастаған жазарман қауымның кәсіби деңгейдегі әдеби әлеуетін еркіндік күресіне бағыттаған Әлихан тұлғасының ықпалы еді.
Ресми тарих Әлихан Бөкейханның 1866 жылы 5 наурызда қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келгенін айтады. Ұлт көсемінің артында «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», — деген сөз қалды. Расымен ол Шыңғыс ханнан тарайтын төре тұқымының ақсүйегі еді.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыдағы молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол сондағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.
Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды.
1886-1890 жж. Омбы техникалық училищесінде оқыған.
1890-1894 жж. Санкт-Петербургтегі Императорлық Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Әлихан Бөкейхан осы институтты орман экономисі мамандығы бойынша аяқтап, Омбы қаласындағы ауылшаруашылығы училищесінде математика пәнінен сабақ береді. Кейін 1905 жылға дейін Омбы көші-қон басқармасында қызмет етті.
1893 жылы ол саяси, экономикалық, әдеби және тағы басқа үйірмелер жұмысына, сондай-ақ, студенттік «қозғалыстарға» белсене қатысады. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, осы жылдары оның қызметі алғаш рет патша полициясы назарын аударып, есімі «саяси сенімсіздердің қара тізіміне» алынады.
1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Семей облысы Қарқаралы уезінің 14,5 мың тұрғыны қазақтардың негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық талаптары жазылған петицияға қол қойды. Бұл құжатты Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатұлы, Мұхаммед-Мақсұт Бекметовтер әзірлеген еді.
Әлихан Бөкейхан бірқатар қоғамдық ұйымдарға белсенді түрде қатысады. Мәселен, ол Орыс Географиялық қоғамы Батыс Сібір бөліміне қарайтын Семей бөлімшесінің және Семей статистика комитетінің мүшесі болды.
1905 жылы Бөкейхан Семей бойынша І Мемлекеттік Дума (Ресей империясы) депутаты болып сайланып, патша Думасын таратуды талқылаған Выборг үндеуін әзірлеуге қатысады. Қазақ халқының ұлттық санасын оятатын және ағартушылық қызметін ұйымдастыру бағытындағы «Қазақ» газеті жарыққа шықты.
Ақпан төңкерісінен кейін, Бөкейханов қазақ халқының ұлт-азаттық күресіне қатысады. 1917 жылдың шілдесі мен желтоқсан айында өткен екі жалпыұлттық съезден кейін «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құрылып, Бөкейханов төрағасы болып сайланады. «Қазақ» газеті партияның баспа органы болды. Бұл шындығында да Қазақ мемлекетін құру идеясы шындыққа айналған тарихи оқиға еді.
Кеңес билігі тұсында Ә. Бөкейханның саяси қызметі шектеліп, 15 жыл Мәскеуде ұстады Осы жылдары ол әдебиет және ғылыми-зерттеулермен айналысады. Ауыз әдебиеті, фольклорлық мұраларды жинап, тарих, этнография, әдебиеттанудан еңбектер жазады.
20-жылдары екі рет қамауға алынған. 1937 жылы қайта тұтқынға алынып, Бутырка абақтысына қамалады. Оған «Совет өкіметіне қарсы контрреволюциялық күрес жетекшісі, Қазақстан мен Мәскеудің лаңкестік орталығы басшылығымен байланысы болды» деген айып тағылады.
Саяси репрессия шарықтау шегіне жеткен кезде ұлт көсемі 70-ке келген абыз еді. 1937 жылы 27 қыркүйекте ату жазасына бұйырылып, сол күні орындалған.
1989 жылдың мамырында КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен ақталды.
Алаш көсемі туралы әуелде аңыздай болып көрінген, бірақ қазір ғылыми фактімен дәлелденген маңызды мәлімет бар. 1918 жылы Әлихан Бөкейхан Ресей географиялық қоғамының қатарында жүріп, массондық ложаға мүше болады. Массондық ложаның саяси ілімі, кадет партиясындағы саяси тәжірибесі оның Еуропа өркениетінің көкжиегі қаншалықты кең екенін түсініп, қазақ көшін сол арнаға бұруына түрткі болды.
Қазақстан шын мәнінде бәсекеге қабілетті ел ретінде әлем қауымдастығының алдында мойындалса, соның негізін қалаушы бірден-бір талассыз тұлға Әлихан Бөкейхан болмақ. Сол заман туғанда жоғарыда аты аталған реформаторлардың қатарына оның да есімі енеді. Демек, ұлт көсемі әлем тарихындағы өзіне тиесілі орынға жайғасуы үшін Қазақстан демократиялық жолды берік ұстанатын, дамыған елге айналуы шарт.