Бүгін Экономикалық және әлеуметтік даму үшін еріктілердің халықаралық күні немесе Дүниежүзілік еріктілер (волонтерлар) күні.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1985 жылы жасаған ұсынысымен жыл сайын 5 желтоқсан күні атап өтіледі.
Еріктілер немесе ағылшын тілінен алынған және соңғы уақытта жиі қолдынылатын сөз — волонтерлар — өздерінің бос уақыттарын қоғамның игілігі үшін жұмсайтын адамдар. Еріктілердің ақысыз жұмысын кез келген салада және бағытта көруге болады.
Мысалға, мұндай адамдар қоғамдық орындарды тазалауға, әлеуметтік акциялар барысында плакаттар мен кітапшаларды таратуға өз еріктерімен қатысады, туған қалалары бойынша тегін экскурсиялар жүргізуге дайын, үлкен спорттық жарыстарда аудармашылар болуға әзір. Онымен қоса, волонтерлар балалар үйлерінің, қарттар үйлерінің қызметкерлеріне қолғабыс етеді, табиғи апаттар кезінде көмек көрсетуге әрдайым дайын.