Бразилияда су рекордтық деңгейге дейін жылып, 100-ден астам дельфин қырылып қалды
Бразилияда қатты құрғақшылық пен су температурасы рекордтық дәрежеге дейін, кей жерлерде 39 Цельсия градусқа (Фарангейт бойынша 102 градус) дейін көтеріліп, жүзден астам дельфин өлді, деп хабарлайды CNN.
Бразилия ғылым министрлігі қаржыландыратын зерттеу орталығы – Мамирауа институтының дерегі бойынша, кейінгі жеті күн ішінде Тефе көлінің жағасынан 100-ден астам дельфиннің өлігі табылған (Тефе көлі – Амазонканың оң жақ тарауы саналатын Тефе өзенінің сағасындағы үлкен су айдыны).
Институт осыншалықты көп дельфиннің өлуі – өте сирек құбылыс екенін айтып, оған судың рекордтық дәрежедегі жоғары температурасы мен Амазонкада бұрын-соңды болмаған қуаңшылық себеп болуы мүмкін екенін мәлім етті.
Әлемдегі ең ірі су артериясы саналатын Амазонка өзені қазіргі күні құрғақшылықтан зардап шегіп отыр. Рекордтық жоғары температура өзендегі басқа да фауна өкілдеріне зиян келтіріп жатыр.
Зерттеушілер мен белсенділер аман қалған дельфиндерді құтқармақ ниетпен оларды лагуна мен тоғаннан өзеннің шетіндегі салқындау бөлікке жіберуге тырысып жатыр, деп хабарлады CNN Brasil, бірақ олардың мекені алыс болғандықтан операция қиындап кеткен.
Амазониядағы құрғақшылық ел экономикасына да кері әсерін тигізеді.
Су деңгейі Амазонас штатының 59 муниципалитетінде орташадан да төмен дәрежеге түсіп кетті. Бұл жағдай өзендегі көлік және балық аулау қызметіне залал келтіріп жатыр.
Елде алдағы бірнеше аптада қазіргіден де аптап ыстық болуы мүмкін, ол дельфиндердің тағы да қырылуына әкеледі деген болжам бар, деп хабарлады CNN Brasil.