Болгарияның ең ірі жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады
Болгарияның ең ірі жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
«Жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев Әулие Клемент Охридски атындағы София университетінің ректоры Анастас Герджиковпен кездесті. 2018 жылдың қазан айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен әріптестік келісім негізінде құрылған әл-Фараби ғылыми-білім беру және мәдени орталығының қабырғасында қазақ тілін оқыту тәжірибесін одан әрі ілгерілетуге назар аударылды. Болгарияның ең ірі жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады»,- делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат университет басшылығына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, болгар студенттері арасында қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың артып келе жатқанына және осы пәнді «Түркология» факультетінің оқу жоспарына енгізгеніне ризашылығын білдірді.