Болашақ бүгіннен басталады: Жастарға арналған жаңа бастамалар

Болашақ бүгіннен басталады: Жастарға арналған жаңа бастамалар
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауы – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен болашағы үшін маңызды құжат. Жолдауда ерекше мән берілген бағыттардың бірі – жастар саясаты.
Мемлекет басшысы «Болашақ бүгіннен басталады» деп атап өтіп, жас ұрпақтың білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және елдің дамуына белсенді араласуына кең мүмкіндік жасалатынын жеткізді. Бұл бастамалар жастардың жаңа идеялары мен жобаларын қолдауға бағытталған. Гранттар санының артуы, білім мен ғылымға инвестиция салу, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау – жас қазақстандықтардың әлеуетін ашуға бағытталған нақты қадамдар.
Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі жастар үшін де тең мүмкіндіктер қарастырылып, олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасалатыны атап өтілді. Қаражал қаласында Жолдауда белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған нақты шаралар қолға алынуда: Білім беру саласы: Қала мектептерінде ІТ бағытындағы үйірмелер ашылып, оқушыларға бағдарламалау, робототехника және ақпараттық қауіпсіздік негіздері үйретілуде. Бұл – жас буынды заманауи еңбек нарығына даярлауға жасалған нақты қадам. Жұмыспен қамту: Облыста іске қосылған инвестициялық жобалар Қаражал жастарына жаңа жұмыс орындарын ұсынып, өңірлік экономиканың дамуына серпін беріп отыр. Қоғамдық белсенділік: Қаражалдың жас буыны білім алумен қатар, қоғамдық бастамаларға, спорттық және мәдени жобаларға белсене қатысуда. Қаланың еріктілері қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Президент Жолдауында айтылған экологиялық жауапкершілік те жастарға жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бұл бастама ел болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Ел болашағы – жастардың қолында. Мемлекет басшысының сенімін ақтау үшін әрбір жас білім алуға, ел дамуына үлес қосуға және жаңа бастамаларды іске асыруға ұмтылуы тиіс. «Болашақ бүгіннен басталады» деген тұжырым – әрбір жастың өмірлік ұстанымына айналуы қажет.
Сағындық Шыңғыс, «Қаражал қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ директоры міндетін атқарушы