Биыл Қазақстанға қанша турист келді?
Елімізде туризм жақсы дамып, Қазақстан шетелдіктерді қызықтыратын мемлекетке айнала бастады, деп жазады Turanews.kz.
Туризм индустриясы комитеті Инвестицияларды тарту және ілгерілету басқармасының бас сарапшысы Ақмарал Меңлібек биыл қаңтар-маусым айларында елімізге келген турист саны жайлы мәлімдеді.
«2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздегі орналастыру орындары туристерге 98 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға артық. Былтыр қаңтар-маусым аралығында еліміздегі орналастыру орындары туристерге 67 млрд теңгеге қызмет көрсеткен болатын. Ал пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырсақ, аталған көрсеткіш өсімі 2 есеге жуық. Бірінші жартыжылдықта орналастыру орындарының қызметін пайдаланған туристер саны 3,1 млн адамға жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың 6 айымен салыстырғанда 400 мың туристке артық. Ал пандемияға дейінгі деңгейден 1 млн адамға көп»,- деді Ақмарал Меңлібек Туризм және спорт министрлігінің Telegram парақшасында жарияланған бейнематериалда.