
Жоспарланып отырған ауқымды іс-шара жайлы Еуропа Одағының Өзбекстандағы елшісі Тойво Клаар мәлім етті, деп жазады Kazinform агенттігі.
— Біз қараша айында Еуропа Одағы мен Орталық Азияның экономика және инвестициялар жөніндегі форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда өңірлердің кәсіпкерлік саладағы ынтымақтастығы талқыланады, — деді Еуропа Одағының Өзбекстандағы елшісі.
Бұған қоса Тойво Клаар биыл Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Бельгияға ресми сапармен баруы мүмкін екенін айтты. Оның аясында Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланған.
Орталық Азия мен Еуропа Одағының экономика және инвестициялар жөніндегі алғашқы форумы Қырғызстанда, екіншісі Қазақстанда өткен болатын.
Еске сала кетейік, биыл 4 сәуірде Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Орталық Азия — Еуропа Одағы» форматындағы алғашқы саммит өтті. Оның барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар бастама көтерді.