Биыл инватакси қызметіне 3,5 млрд теңге бөлінеді
Биыл мүгедектігі бар адамдарға арналған инватакси қызметіне жергілікті бюджеттерден 3,5 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл жайында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтады.
«2022 жылы мүгедектігі бар 19 мыңнан астам адамға инватакси қызметі көрсетілді. Оның ішінде 6 мыңнан астамы кресло-арбамен жүреді.
2023 жылға инватакси қызметтерін көрсету үшін жергілікті бюджет қаражатынан 3 503,6 млн теңге (2022 жылы – 2 735,0 млн теңге) көзделген», — деп жазады Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов аталмыш қызмет түрін негізінен жергілікті әкімдіктер реттейтінін еске салады.
«Қағидаларға сәйкес жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша инватакси қызметтерін алушылар санатын және инватакси қызметтерін ұсынуатын объектілер мен межелі пункттер тізбесін кеңейтуге жол беріледі. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар инватакси тасымалдарына қажеттілікті ескере отырып, өнім берушімен шарт жасасу кезінде жұмыс режимін белгілей алады», — делінген жауапта.