Ұсталған «Temirov Live», «Айт Айт десе», «ПолитКлиника» және «Арча Медиа» қызметкерлеріне бүгін сот бұлтартпау шарасын санкциялады, деп хабарлайды 24.kg.
Бірінші Май аудандық сотының тергеу судьясы шешім шығарып, 11 БАҚ өкілін екі айға қамады. Олар ел астанасындағы № 1 тергеу изоляторында болады.
Айта кетейік, екі күнде Махабат Тәжібекқызы, Сапар Акунбеков, Азамат Ишенбеков, Сайпидин Сұлтаналиев, Ақтілек Қапаров, Тыныстан Асыпбеков, Мақсат Тәжібекұлы, Жоодар Бұзымов, Жұмабек Тұрдалиев, Айке Бейшекеева және Ақыл Орозбеков секілді журналистер ұсталды.
Бәрі — Temirov Live компаниясының бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлері.
Естеріңізге сала кетейік, 16 қаңтарда Temirov Live кеңсесіне тінту жүргізіліп, редакцияның құрал-жабдықтары тәркіленген еді.
Полицейлер басылымның қазіргі және бұрынғы 11 қызметкерін ұстады.
Ішкі істер министрлігі өткен жылы 30 желтоқсанда Теміров Live және «Айт Айт Десенің» әлеуметтік желідегі парақшаларының мазмұнына жүргізілген «сот-лингвистикалық сараптама» қорытындысы бойынша елдің Қылмыс кодексінің 278-бабы (жаппай тәртіпсіздікке шақыру) бойынша іс қозғады.
Махабат Тәжібекқызы мен Азамат Ишенбековке Қылмыстық кодекстің 41-бабы 2-бөлігі және 278-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылды.
Бұл бап жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысы бар күдіктілерге қолданылады.