ӘлемМәдениет

Бішкекте «Сағымбайдың Манасы» кітабының тұсаукесері өтті

2023 жылдың 20 қыркүйегінде А.Осмонов атындағы Қырғыз Ұлттық кітапханасында Түркі Академиясы және Халықаралық Түркі мәдениеті мен мирасы қорының қолдауымен жарық көрген «Сағымбайдың Манасы» кітабының тұсаукесері өтті. Кітапқа “Манас”эпосының Сағымбай Орозбақов жырлаған түрі Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген әртіс, манасшы Рысбай Ысқақовтың қарасөзбен ықшамдап өңдеген нұсқасында берілген.

Басқосуға Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мирасы халықаралық қорының президенті Гүнай Эфендиева, Әзербайжан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Латиф Гандилов,  Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің Саяси және экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі  Октябрь Қапалбаев, Мәдениет және ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің бірінші орынбасары Қайрат Иманалиев, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Нұржігіт Қадырбеков, академик Абдылдажан Акматалиев, «Мұрас» қорының төрағасы, тарихшы Кыяс Молдоқасимов, Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, манасшылар, тарихшы ғалымдар және И.Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.

Жиын барысында Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің саяси және экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Октябрь Қапалбаев Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасманбетовтың құттықтау хатын оқып беріп, Түркі Академиясы Халықаралық Түркі мәдениеті мен мирасы қорымен бірлесіп шығарған құнды еңбектің маңыздылығына тоқталды.

Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев «Манас» эпосының түркі әлеміндегі маңызына тоқталып, ұйымның аталған жырға қатысты жариялаған ғылыми еңбектері туралы айтып берді. Сөз соңында ол Академияның алдағы уақытта да осындай мазмұнды еңбектердің жарық көруіне өз үлесін қоса беретінін жеткізді.

Өз кезегінде Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Г.Эфендиева Манас – түркі әлемін біріктіре түсетін құндылық саналатынына тоқталып, аталған жиын осының айқын көрінісі екенін айтты.

«Біз «Манас» эпосын зерттеуге арналған тағы бір еңбекті қырғыз және әзірбайжан тілдерінде жарыққа шығардық. Сонымен қатар, арнайы «Манас күнін» атап өттік», — деді Г.Эфендиева өз сөзінде.

Сондай-ақ, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің бірінші орынбасары Қайрат Иманалиев өз сөзінде Манас мұрасын насихаттап жүрген ұйым басшыларына алғысын білдіріп, осындай игі бастамалардың түркі елдері арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтуға ықпалы зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ, іс-шара аясында Түркі Академиясының президенті Ш.Мұстафаев пен Халықаралық Түркі мәдениеті мен мирасы қорының президенті Г. Эфендиеваға арнайы төсбелгілер табысталып, құрмет көрсетілді.

TuraNews

Back to top button