Бішкекте Құтлық қаған кешенінің халықаралық таныстырылымы өтті
4 қарашада Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Халықаралық Түркі академиясы Моңғолиямен бірлескен «Номғон» экспедициясының нәтижесінде табылған Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің халықаралық таныстырылымын өткізді, деп Халықаралық Түркі Академиясы ұйымының ресми сайтына сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды
Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясында өткен алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, Қырғызстан Жогорку Кенешінің тұңғыш төрағасы, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медеткан Шеримкулов, Әзербайжан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Латиф Гандилов, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Джаваншир Фейзиев, Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің сарапшысы Шаазада Түменбаев, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшігінің кеңесші-уәкілі Асхат Сыздықов, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры Толобек Абдырахманов, белгілі қырғыз археологі Кубатбек Табалдыев, Түркі академиясының сарапшылары Нәпіл Базылхан мен Нурдин Усеев, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар қатысты.
Таныстырым рәсімі Құтлық қаған кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстарын және ондағы табылған тарихи артефактлерді қамтитын фотосуреттер көрмесімен басталды.
Конференцияға Б. Джамгерчинов атындағы тарих, археология және этнология институтының директоры Аблабек Асанканов модераторлық етті.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері М.Шеримкулов мұндай маңызды олжалар түркологияның дамуына және түркі елдерінің бірлігін нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Өз кезегінде Академия президенті міндетін атқарушы Ф. Мәжидли Түркі академиясының Моңғолияда жүргізген жұмыстары мен биыл Номғон жазығында табылған Құтлық қағанға арналған кешені туралы ақпарат берді.
Бұдан кейін Құтлық қаған кешенін таныстыруға арналған арнайы жиында Түркі академиясының сарапшысы Нәпіл Базылхан аталған кешен мен көне түркі жазба ескерткіш туралы жан-жақты баяндап берді.
Шараға қатысқан мәртебелі қонақтар сөз алып, «Номғон» экспедициясы тапқан Құтлық қаған кешенінің маңыздылығына тоқтап, оның түркологиядағы елеулі оқиға екенін атап өтті. Тың жаңалықтың табылуы Академияның ұзақ жылғы бірлескен ғылыми жұмыстары жемісі екенінін айтып, ұйымның еңбегін жоғары бағалады. Әсіресе кешеннен табылған бітіктастағы көне түркі, соғды және брахми жазбаларын тереңірек зерттеу түркі тарихының жаңа парақтарын ашатын айтты.
Конференция соңында мемлекет және қоғам қайраткері Медеткан Шеримкуловқа Түркі академиясының Алтын медалі, ал белгілі қырғыз археологі Кубатбек Табалдыевке Вильгельм Томсен медалі табысталды.
Айта кету керек, биыл Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бірлесіп жүргізген Монғолияның Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылды. Құтлық Елтеріс қаған әйгілі Қырғыз қағандығының билеушісі Барсбек қағанның қайын атасы болған.