Қырғызстан астанасында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында «Мәдени мұра және дәстүрлерді сақтау: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Орталық Азия елдердің мәдени мұрасын нығайтуға және танымал етуге қалай үлес қосады?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігіі.
Іс-шараға қазақстандық дипломаттар, «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» жобасы мен Бүкіләлемдік этникалық ойындар конфедерациясы жобаларының авторы және жетекшісі Асхат Әкібаев, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт министрлігі жанындағы Дене шынықтыру және спорт департаменті директорының орынбасары Самат Токтоналиев, Қырғыз Республикасы Альпинизм федерациясының президенті Эдуард Кубатов, қоғам қайраткерлері, қазақ диаспорасының мүшелері, БАҚ және туризм өкілдері, блогерлер қатысты.
Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Елшілігінің кеңесшісі Гүлмира Сұлтанәлі кездесуге қатысушыларға V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Астанада өткізудің Қазақстан үшін қандай маңызы бар екенін айтты.
«Қазақстан астанасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайын. Бұл біздің халықтарымыздың рухани және өркениеттік құндылықтарының өзара қолдауы мен ортақтығын көрсетеді. Олар 8-13 қыркүйек аралығында Астанада «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Жарысқа 2800-ден астам спортшы, сондай-ақ 89 елден ресми делегациялар қатысады деп жоспарланған. Өздеріңіз білетіндей, ДКО ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтары тізіміне енгізілген, оған көшпелі халықтардың ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар қатысады. Қазақстанда бұл шараларға үлкен мән беріледі. Өйткені Ойындар адамзат өркениетінің мұрасы және көшпелі халықтардың рухани мұрасы ретінде этноспорт пен этномәдени қозғалысты дамытуға орасан зор үлес қосады. Сонымен қатар, ДКО тек біздің елдерде ғана емес, бүкіл Орталық Азияда туризмді дамытуға үлкен серпін береді», — деп атап өтті дипломат.
Оның айтуынша, Ойындар аясында бұқаралық мәдени шаралар ұйымдастырылады. Этноауыл аумағында көшпелілер өркениетінің мұражайы, қолөнершілер қаласы және мүсін көрмелері ашылады. Ұлттық музейде «Көшпенділер: тарих, білім, тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Атап өтейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі — ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі — Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.