БастыТуризм

Біргі — Түркиядағы тарихи ауыл енді жасыл туризмнің символына айналуда

Измир облысындағы көне Біргі ауылы — жай ғана тарихи мекен емес, бүгінде ол Түркиядағы тұрақты туризм үлгісін көрсетіп отырған маңызды орталықтардың біріне айналды. Бірнеше мыңжылдық тарихымен ерекшеленетін бұл ауыл енді экологияға негізделген, маусымдық емес, жыл бойы жалғасатын туризмнің ордасы болуды мақсат етуде.

2022 жылы Біргі БҰҰ-ның Дүниежүзілік Туризм Ұйымы тарапынан «Әлемдегі үздік туризм ауылдарының» қатарына енді. Бұл тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік те. Ал бұл жауапкершілікті жүзеге асыруда SENTRUM жобасы айрықша рөл атқарып отыр.

SENTRUM — Тұрақты энергияға негізделген туризм тәжірибелерінің орталығы. Бұл жоба — БҰҰ Даму бағдарламасы, Түркия Мәдениет және туризм министрлігі, Enerjisa және TGA агенттігінің бірлескен бастамасы. Жобаның мақсаты — жергілікті экономиканы қолдап, жасыл туризмді дамыту ғана емес, сонымен қатар тарихи мұраларды сақтай отырып, әлеуметтік теңдік пен энергетикалық тиімділікті арттыру.

 

Измир, Біргі ауылы

Жақында Біргиде ашылған SENTRUM Іс-тәжірибе орталығы — бұл жобаның жүрегі іспетті. Ауылдың дәл ортасында орналасқан бұл орталық экологиялық бастамаларды үйлестіріп, туризм саласындағы жаңа тәсілдерді енгізетін алаңға айналып отыр. Мұнда энергия үнемдеу, климаттық сауаттылық, мәдени мұраларды сақтау, жастар мен әйелдерді қолдау бағытында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылады.

Туризм тек көз тартатын ғимараттар мен пейзаждар ғана емес. SENTRUM жобасы көрсетіп отырғандай, бұл — қоғаммен бірге өсіп, оның тамырына үңіле білетін тұтас жүйе. Мәселен, жоба аясында осы күнге дейін 1000-нан астам адам — туризм саласы қызметкерлері, әйелдер, жастар мен балалар — 21 түрлі оқыту бағдарламасына қатысып, білімін жетілдірген.

Измир, Біргі ауылы

Біргидегі тұрақты туризм моделі маусымдық емес, жыл он екі ай бойы турист тартуға бағытталған. Бұл — жергілікті халықтың экономикалық тұрғыдан тұрақтылығын қамтамасыз етудің бір жолы. Сонымен қатар, бұл тәжірибе Түркияның өзге өңірлеріне де үлгі бола алады.


Біргидің өзі — тірі тарих.

3 мың жыл бұрын негізі қаланған бұл мекен Фригия, Лидия, Парсы, Рим және Византия секілді көптеген өркениеттердің куәсі болған. Анадолы бейліктері кезеңінде Айдыногуллары мемлекетінің астанасына айналған ауыл кейін Османлыға өтіп, мәдени-әкімшілік орталық ретінде XVII ғасырға дейін маңызды рөл атқарды.

Бүгінде Біргіде 200-ден астам тарихи нысан бар: кесенелер, мешіттер, кітапханалар, медреселер мен атақты үйлер. Олардың ішіндегі ең танымалдары — Улу мешіті, Чакираға сарайы мен Имам Біргиви кесенесі. Ауылдың атмосферасы – өткен мен бүгінді үйлестіретін ерекше рухқа толы.

Измир, Біргі ауылы

1996 жылы Біргі Түркияда алғашқылардың бірі болып «Ерекше қорғалатын ауыл» мәртебесін алды. Ал 2012 жылы ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінің алдын ала тізіміне енгізілді. Қазір ауылдың Cittaslow (Slow City) желісіне қосылуы бағытында да жұмыстар жүріп жатыр.

Қосымша ақпарат: www.sentrum.com.tr

TuraNews

Back to top button