Қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтарда елдің сыртқы сауда айналымы 5,8 млрд долларға жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,2%-ға өсті. Бір айда көршілес мемлекет әлемнің 145 елімен сауда-саттық жасады.
Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 1,6 млрд доллардан (жалпы көлемнің 27,9%-ы) асты.
Ал сауда-саттықтың 18,7%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 1 млрд доллардан артық.
Сондай-ақ, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 414 млн доллардан (7,1%) асты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100 млн долларға көп.
Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан 81,6 млн доллардың тауарын экспорттап, 332 млн доллардан астам сомаға өнім импорттаған.
Еске салайық, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жуықтаған еді.
Таяуда хабарлағанымыздай, Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді.
Сондай-ақ, Қазақстанда тіркелген көліктердің Өзбекстанда жүру мерзімі 6 айға дейін ұзартылуы мүмкін.
Қоса кетсек, таяуда Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің Стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерді оңтайландыру басқармасының бастығы Фарход Олимжонов Kazinform агенттігіне сұхбат беріп, саяхатшылар қаперде ұстауы тиіс ережелерді айтқан еді.



