Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің қатары артады. Ұйымға Беларусь мемлекеті қосылмақ, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме беріп.
«Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) қатысушыларының құрамы үнемі кеңейіп келеді. Бұл — біздің ұйымның тұрақты өсіп келе жатқан халықаралық беделі мен ықпалының дәлелі. Бүгінгі отырысқа, яғни өңірлік терроризмге қарсы құрылым кеңесінің жұмысына ШЫҰ толыққанды мүшесі ретінде Иран Ислам Республикасының өкілі алғаш рет қатысып отыр. Келесі жылы ШЫҰ-ға мүше болу рәсімін аяқтайтын Беларусь Республикасынан тәжірибелі мамандар қатарымызға қосылады деп жоспарланған. Бұл бағытта Моңғолияда да жұмыстар жүріп жатыр», — деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев Астанада өтіп жатқан ШЫҰ отырысында.
ҰҚК басшысы орынбасарының айтуынша, терроризм, экстремизм және сепаратизммен күресте көпжақты ынтымақтастықты дамытуға серпін беру үшін кеңеске ШЫҰ жанындағы байқаушылардың өкілдері шақырылды.
Бұған дейін Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) өңірлік терроризмге қарсы құрылым РАТС кеңесінің 40-ы отырысы өтіп жатқаны туралы хабарлаған едік.