
Бүгін көрнекті ақын, жазушы, журналист, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау облысының Құрметті азаматы Батырбек Мырзабековтің онтомдық шығармалар жинағының тұсаукесер салтанаты өтті.
Салтанатты кеш жазушының «Аманат» романының желісі бойынша сахналанған «Төртеу түгел болғанда…» атты инсценировкамен ашылды. Қойылымда тарихи кезеңнің тағдыры, ел мен жер үшін күрескен тұлғалардың бейнесі көрермен назарына ұсынылды.
Кеш барысында қаламгердің ақындық, журналистік және прозалық шығармашылық жолына кеңінен тоқталып, оның «Тасбұлақ», «Ұлытаудың ұлымын», «Жеті қыз» жыр жинақтары мен кейінгі жылдардағы прозалық еңбектерінің әдебиеттегі орны атап өтілді.
Шара аясында поэтикалық композициялар ұсынылып, өнерпаздардың қатысуымен әндер шырқалды. Кештің көркемдік мазмұнын толықтырған бейнефильмде қаламгердің проза саласындағы табыстары кеңінен таныстырылды.
Онтомдық шығармалар жинағы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановтың бастамасымен, демеушілік қолдау арқылы Алматы қаласындағы «Ғарыш» баспасынан жарық көрді. Бұл көптомдық – жезқазғандық қаламгерлер арасындағы алғашқы іргелі жинақтардың бірі.
Салтанатты тұсаукесер рәсіміне Жезқазған қаласының әкімі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Қонақтар қаламгерге жылы лебіздерін білдіріп, еңбегіне жоғары баға берді.



