Мәдениет

Барлық дінге, бір-бірімізге құрметпен қарауымыз қажет — Димаш Құдайберген

Әлемге танымал әнші, отандасымыз Димаш Құдайберген Үндістанның «Hungama» танымал дистрибьюторлық компаниясына сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіге Димаштың аталмыш компанияға берген сұхбатынан үзінді жарияланды. Сұхбаттың толық нұсқасы жақында жарияланбақ.

«Менің ойымша, көп еңбектенген адам жетістікке жетеді. Бірақ өте маңызды мәселе бар: Біз Құдайға сеніп, оған үнемі алғыс айтып жүруіміз қажет. Тынбай еңбек ететін көптеген адамды білемін, олар сенен анағұрлым көп жұмыс істеп, таланты сенен анағұрлым жоғары болуы мүмкін. Адамдар бай және танымал болған кезде де бұл Құдайдың сыйы екенін естен шығармауы тиіс», — дейді Д.Құдайберген.

Оның айтуынша, ол «Бір аспанның хикаясы» әнін 25 жасында жаза бастаған.

«Сенің қазақ, америкалық, орыс не француз екенің маңызды емес. Сен бүтін әлемге мейіріммен қарауың керек. Біз барлық дінге, бір-бірімізге құрметпен қарауымыз қажет. Бұл – өте маңызды.

Қазір әлемде соғыс көп. Не үшін? Себебі олар ақша тапқысы келеді. Иә, олар табысқа кенелгісі келеді, бірақ балалар, олардың өмірі ше? Осы туралы ұмытамыз. Сондықтан осы әнімді не үшін жазғанымды бірнеше ғана адам түсінсе де, менің миссиям орындалған болады», — дейді әнші.

Айта кетсек, Hungama Digital Media Entertainment – штаб-пәтері Мумбайда орналасқан компания. Ол Үндістандағы жетекші цифрлық ойын-сауық компания. Оның «Hungama Music» және «Hungama Play» сервистері бар. Hungama Music-тің ай сайынғы пайдаланушылар саны 65 миллионнан асып жығылады.

TuraNews

Back to top button