Балқашта теміржолдан 32 тонна катодты мыс ұрлаған қылмыстық топ сотталды
Көлік полицейлері аса ірі көлемдегі ұрлықты әшкереледі.
Көліктегі полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері, көлік прокуратурасының үйлестіруімен, ірі көлемдегі катодты мыс ұрлығының жолын кесті.
— Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 32 және 61 жас аралығындағы бес адамнан тұратын топты ұстады. Олардың барлығы Балқаш қаласының тұрғындары. Құқыққа қайшы әрекеттердің ұйымдастырушысы теміржол ұйымдарының жұмысшысы болып шықты.
Тергеу барысында жоғарыда аталған тұлғалардың Қарағанды облысының Тоқырау станциясында Өскемен — Құрық — Порт бағытымен келе жатқан темір жол вагонынан жалпы салмағы 32 тоннадан астам катодты мыс ұрлағандары анықталды. Келтірілген материалдық шығынның көлемі 135 миллион теңгеден асады, — делінген хабарламада.
Қылмыстық топтың барлық мүшесі кінәсі толық дәлелденді. Сот үкімімен олардың әрқайсысы 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.



