«Балқаш көлі Аралға ұқсас экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін» — Экология министрлігі
«Ашық НҚА» порталында жаңа Су кодексінің жобасы көпшілік талқылауына шығарылды. Құжаттың тұжырымдамасында трансшекаралық өзендердің проблемасына шолу жасалған. Онда ресми деңгейде көпшілікке айтыла бермейтін мәліметтер келтірілген. Соның бірі – Қытайдың Іле мен Ертіс суын тұтыну жоспары, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.
«Мамандардың бағалауы бойынша Балқаш көлі Аралға ұқсас экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін. Көл деңгейі тау мұздықтарының тез еруі арқылы қоректенеді. Ал Қытай мұнай өнеркәсібінің қажеттіліктері үшін Іле өзенінен су алуды арттыруды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, көлдің ауыр металдармен және өнеркәсіптік кәсіпорындардың сульфидтерімен ластануы жалғасуда», — делінген кодекс жобасының тұжырымдамасында.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіндегі мамандар Ертістің айналасында да қауіпті жағдай қалыптасып жатыр деп есептейді.
«Қытай алдағы уақытта су алуды жылына төрт-бес текше метрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл осы аумақтағы демографиялық процестермен байланысты — ҚХР қоныс аудару бағдарламаларын пайдалана отырып, округ халқын 100 млн адамға дейін жеткізуді, сондай-ақ суармалы жерлер ауданын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін Қытай Қара Ертісте гидротехникалық құрылыстар салып жатыр», — делінген құжатта.
Тұжырымдаманы әзірлеушілер бұл деректің бәрін «G-Global жасыл экономика және даму коалициясы заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекованың Strategy2050.kz сайтына берген сұхбатынан алғанын көрсетіп, сілтемесін берген.