Желіде «Тархун» сусынын ішкеннен кейін ұл бала көз жұмғаны және газдалған сусындардан өзге де балалар уланып жатқаны туралы фейк ақпарат тағы тарады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ақпаратты кезекті рет теріске шығарды, деп stopfake.kz сайтына сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Хабарламада «Тархун» және «Ситро» газдалған сусындары ғана емес, сонымен қатар «M&M’S» дражесі, «Milky way» шоколады, «Дюшес» пен «Барбарис» кәмпиттері және басқа да бірқатар тағамдар қауіпті деп танылғаны айтылған.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тізімдегі бірде-бір өнім қауіпті деп танылмағанын, сондай-ақ Қазақстанда газдалған сусыннан қатты улану жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді.
«ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті әлеуметтік желілерде таралған азық-түлік өнімдері туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін және фейк деп танылғанын хабарлайды. Сондықтан жалған ақпарат таратпауды сұраймыз және тек ресми дереккөзден алынған ақпаратты пайдалануға шақырамыз», – деді ведомстводан.
Айта кетейік, газдалған сусын ішіп, уланған балалар туралы хабарлама Ресейдің интернет-сегментінде 2019 жылы таралған болатын.