Қоғам

Baitursynuly University студенттері Қостанайдағы KIA зауытында жұмыс істей алады

Биыл Қостанайда Оңтүстік Кореяның KIA автокөлік зауыты ашылады. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 70 мың автокөлікке дейін жетеді.

Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті (ҚӨУ) мен Dong-Eui University арасындағы академиялық серіктестіктің жаңа кезеңі ерекше өзектілікке ие. Биылғы оқу жылының басында екі жоғары оқу орны арасында қос дипломды білім беру туралы келісімшарт жасалды.

– Қыркүйек айынан бастап біз автомобиль инженериясы бойынша қос диплом бағдарламасын жүзеге асыра бастаймыз, – дейді Dong-Eui University халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ли Им Гон. – Алғашқы үш семестр студенттер Қостанайда оқиды, төртінші мен алтыншы семестрлерді Кореяда жалғастырады. Одан кейін студенттер Қостанайға тәжірибеден өтуге оралады. Біз Қазақстанның болашағына сенеміз. Қазақстан келешекте көшбасшы елге айналады деп ойлаймыз. Біз автомобиль өнеркәсібін алға бастайтын жаңа талантты мамандар буынын дайындай аламыз деген үміттеміз.

Қазіргі уақытта ҚӨУ бес студенті Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы Dong-Eui University-де білім алып жатыр. Dong-Eui – Кореяның ең көне жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі. Университет машина жасау саласында үлкен тәжірибеге ие және әлемге танымал Hyundai автокорпорациясымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

2023 жылы екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжат аясында биыл Оңтүстік Кореяда студенттердің үшінші легі оқып жатыр. Қостанайлық студенттер бұл жерде кәсіби білім алып, тәжірибеден өтіп, корей тілін меңгеріп жатыр. Бұған дейінгі екі лекке қатысқан студенттер қазіргі таңда Қостанайдағы автокластер кәсіпорындарында жұмыс істеп жүр.

– Біз қазір гидромеханиканы оқып жатырмыз. Бұл біз үшін жаңа және өте қызықты пән. Сонымен қатар жасанды интеллектті меңгеріп жатырмыз. Үшінші пән – capstone design, яғни автомобиль бөлшектерін жобалау. Бұл пәндер арқылы біз мамандығымызға қажет аса маңызды дағдыларды қалыптастырамыз, – дейді ҚӨУ студенті Дияр Сертаев.

ҚӨУ студенті Никита Ярошевич:

– Оқу барысында корей мәдениетімен танысу және корей тілін үйрену мен үшін сондай қызық. Мұндағы оқытушылар өте мықты. Біз Қостанайда бастаған кейбір жобаларды осында жетілдіріп жатырмыз. Оларды болашақта автокөлік жасауда қолдануға болады деп ойлаймыз, – деді.

 

TuraNews

Back to top button