«Құрметті Президент мырза, мен Әзербайжан мен Арменияның екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге қызмет ететін бітім шартын жасасу жолындағы жетістіктеріне қуаныштымын. Мен АҚШ-тың Әзербайжан мен Армения арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қақтығысты ақырында тоқтататын мығым және лайықты бейбітшілікке қол жеткізуді қолдауға дайын екеніне сендіргім келеді. Бітім шарты Әзербайжанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етумен қатар, бүкіл аймақты түрлендіріп, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы сауданы, инвестицияны және байланыстарды арттыруға мүмкіндік береді. COP29 халықаралық конференциясы кезінде әлемнің назары Бакуге ауып жатқанда, сізде халықаралық қауымдастық алдында бейбітшілікке деген адалдығыңызды көрсетудің теңдессіз мүмкіндігі бар. Мен сізді келісімге қол қоюды осы жылы аяқтауға шақырамын», — делінген АҚШ президенті Джо Байденнің әзербайжандық әріптесі Әлиевке жолдаған хатында.
Сол күні президент Ильхам Әлиев АҚШ президентінің арнайы көмекшісі және Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Еуропа істері жөніндегі аға директоры Майкл Карпентерді қабылдады.
Кездесу барысында мемлекет басшысы Әзербайжан Армениямен бітім шартының бастамашысы екенін және аймақтық бейбітшілік күн тәртібін қолдайтынын атап өтті. Өз кезегінде АҚШ президентінің арнайы көмекшісі Вашингтонның бітім шартына ертерек қол қоюды қолдайтынын мәлімдеп, қазіргі жағдайда бұл үшін тарихи мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
Қыркүйек айында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Әзербайжан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ-тың аймақта тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін күш-жігерін жұмсайтынына сендірді және 30 тамызда мемлекеттік шекараны межелеу жөніндегі комиссиялардың бірлескен қызметіне оң бағасын берді.