Баянауыл ұлттық паркінде биыл тағы қарақұрт шығуы мүмкін
Парк қызметкерлері Торайғыр көлінің маңындағы тастақ жерлерден қарақұрт жұмыртқаларын тапты. Демек жаз маусымында қауіпті жәндіктің қайта шығу ықтималдығы бар.
Биыл Жасыбай мен Торайғыр демалыс аймақтарына демалуға баратын туристерге сақ болған жөн. Таулы өлкеде қарақұрт бар. Бұл жәндік былтыр Торайғыр аумағында алғаш рет анықталған. Баянауыл ұлттық паркінің қызметкерлері қарақұрттың жұмыртқаларын тапқанын хабарлады.
«Алдыңғы жаз маусымында Ұлттық парк аумағында қарақұрттың бар екенің хабарлаған едік. Биыл Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Торайғыр ауылындағы 6-шы орамында (Торайғыр көлінің тасты жерлерінде) қарақұрттың жұмыртқалары табылғанын мәлімдейміз. Демек жаз маусымында олардың қайта шығу ықтималдығы бар. Сондықтан жергілікті тұрғындар мен демалушылардан қауіпсіздік шараларын сақтауды, мейлінше сақ болуды сұраймыз. Табиғат аясында болған уақытта қоқыстарыңызды жинап кетулеріңізді сұраймыз», — дейді парктің ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақова.
Дәрігерлер егер адамды қарақұрт шағып алса, бірден медициналық көмекке жүгінген абзал дейді. Медициналық көмек келіп жеткенше қарақұрт шаққан жерді 2-3 минут күйдіруге болады. Ол жәндіктің улы әсерін жояды.
Еске сала кетейік, Баянауылдағы жасыл ормандар жұпсыз жібек көбелегінен зиян шегіп жатыр.