Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы аясында қазақстандық делегация 4-5 шілде күндері ел астанасы Ұлан-Батырда бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды Turanews.kz Qazalem-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең әуелі Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазар және мәслихат депутаттарымен кездесті. Айта кетейік, қазіргі таңда бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады.
Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулуахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы Моңғолиядағы және Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Моңғолия мемлекетінің қамқорлығын ерекше ықылас-ризашылықпен еске алатынын және бұл шын жүректен шыққан сөз деп атап өтті. Сөзін жалғастыра келе, Қоғам басшысы Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында жоспарланған іс-шаралар туралы айтып өтті.
Өз кезегінде, ҚР Мәжілісі депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау және Жарқынбек Амантай Моңғолия елінің тумалары ретінде Моңғолияға келгендеріне қуанышты екенін және парламентаралық байланыстарға өз үлестерін қосуға дайын екендеріне сенім білдірді.
Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы 1992 жж. тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қарым-қатынастар туралы сыр шертті.
Бұдан кейін Абзал Сапарбекұлы бастаған делегация Ұлан-Батырдың қазақтар шоғырлана орналасқан Налайх ауданына арнайы ат басын тіреп, сондағы қандастармен кездесті.
Басқосу Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі мен Моңғолиядағы «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы Қоғамның мақсат, міндеттері, шетелдегі қазақтармен жұмыс жүргізу барысы туралы кеңінен ақпарат беріп, елге көшіп келуді жоспарлаған қандастарымыз үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да баяндады. Биылдан бастап іске асырылуы жоспарланған, шетелдегі этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы туралы да толығырақ айтып берді.
(Айта кетейік, Қазақстан үкіметі ұсынған «Ата жолы» картасы шетелдегі қандастарымыздың 10 жыл бойы визасыз елге келуіне, кәсіппен айналысуына т.б. мүмкіндік береді).
А. Сапарбекұлы «Біз қазақ пен моңғол халықтары – ежелден бері келе жатқан Ұлы дала өркениетінің мұрагерлеріміз. Екі елдің бір-бірін мақтан тұтатын ортақ құндылықтармыз бар: тарихымыз, тіліміз, салт-дәстүріміз қазақ, моңғол халықтарының бір-біріне етене жақын екенін көрсетеді» дей келіп, Қазақстанның Моңғол елімен байланыстарға ерекше назар аударатындығын айрықша атап өтті. Қандастарымызға қамқор болып отырған Моңғол үкіметіне ықыласы мен ризашылығын жеткізді.
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев өз сөзін Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының ашылуына орай құттықтау сөзімен бастады. Сөз соңында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының мүшесі Жеңісбек Қабидоллаұлына Моңғолияда қазақ тілі мен мәдениетін сақтауға, ұлттық салт-дәстүрін кеңінен насихаттауға қосқан үлесі, сондай-ақ қазақ-моңғол қарым-қатынастарының одан әрі нығаюына сіңірген еңбегі үшін алғыс хатпен және төсбелгімен марапаттады.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапаққызы өзінің осы ауылдың тумасы екенін айтып, шетелден Қазақстанға оралған азаматтардың жоғары білім алып, адал еңбек етсе, мемлекет тарапынан еленіп, үлкен биіктерге жете алатынына тоқталды.
Қазақстандық делегацияның келесі кездесуі Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының орталығында өтті. Орталықта Қоғам тарапынан ұйымдастырылып жатқан қазақ тілі, домбыра, қазақша сөйлеу курстары туралы сөз қозғалды.
Биыл осы орталықта «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өтіп жатқан домбыра курстарында 45 бала домбыра үйренген. Сұқбат барысында жергілікті қазақтар атынан сөз алған ауыл ақсақалдары мен жас буын өкілдері балалар мен жастар арасында қазақ тілінде сөйлеудің қиыншылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, ауылда қазақ балабақшасының жоқтығы, бүлдіршіндерге арналған түрлі кітапшалардың болмауы, қазақ тілі мамандарының жетіспеушілігі туралы мәселелерге көңіл бөліп, Қазақстан, Елшілік және «Отандастар қорының» қолдауына үлкен үміт артатынын білдірді.
Өз кезегінде, ресми делегация мүшесі, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулуақап Қара алдағы уақытта шетелдік тәжірибені зерттеп, қандастар арасында әр салада маман алмасу, екі жақты зерттеулер жасау сияқты мәселені қарастыру қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді.
Ал қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибек келешек ұрпаққа ана тілінде білім алуға мүмкіндік тудырудың бір жолы ретінде қазақ мектептерінің филиалдарын Моңғолияда ашу туралы ұсыныс айтты.
Жиын барысында қатысушылар, білім, әдебиет, өнер салаларында екіжақты тиімді әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды тілге тиек етті.
Басқосуды қорытындылай келе, Абзал Сапарбекұлы Налайхта қазақ салт-дәстүрімен әдет-ғұрпын насихаттаушы, қазақи нақыштағы қолөнер шебері Сайлау Түлкібайқызын «Отандастар қорының» «Алғыс медалімен» марапаттады.
4 шілдеде Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші Құрылтай өз жұмысын бастады. Айтулы шара Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында 10 шілдеге дейін жалғаспақ.
«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы бастап барған қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар.