Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі жүргізген тергеу барысында Ресей Федерациясының Мурманск қаласында тұратын Әзербайжан Республикасының азаматы Аскеров Бахруз Алимамед оглу (1988 жылы туған) қолға түсті.
Бұл туралы Әзербайжанның azertag.az мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.
Аскеров Бахруз Алимамед оглу елдегі қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халық арасында дүрбелең туғызу және оған ықпал ету мақсатында басқа адамдармен байланысқа түсті деген күдікке алынды. Күдіктінің көптеген адам өлуі тиіс террористік акт жасауға ниеттенгені де айтылуда.
Бахруз Аскеров жасырын түрде республиканың әртүрлі аймақтарында тұратын адамдарды байланысқа тартып, Лянкаран қалалық атқарушы билігінің басшысына қастандық жасау мақсатында оларға нұсқаулар бергені анықталды.
Сондай-ақ, Бахруз Аскеров онымен байланыста болған адамдарға Әзербайжанның кейбір аудандарында ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейтін шетел азаматына қарсы қастандық жасауды тапсырғаны анықталып отыр.
Жүргізілген кешенді жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде Бахруз Аскеров Әзербайжан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28, 214.2.1 (терроризмге дайындық) баптары бойынша ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оған қатысты сот шешімімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданды.