Әлем

Әзербайжанда елшілікке лаңкестік шабуыл жасамақ болған күдікті ұсталды

Әзербайжанда Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (МҚҚ) шетелдік елшілікке жасалмақ болған лаңкестік әрекеттің алдын алды, деп жазады TuraNews.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу нұсқасы бойынша, қамауға алынған М.Х.Хусейнзаде атыс қаруын сатып алып, ұзақ уақыт бойы Баку қаласындағы шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігіне бақылау жүргізген.

16 қарашадан 17 қарашаға қараған түні ол ғимаратқа кіріп, сонда болған дипломаттарды атып тастамақ болған.

Бұл ретте жергілікті БАҚ лаңкестік әрекет қай елдің дипломатиялық миссиясына қарсы жоспарланғанын нақтыламай отыр.

Баку қаласының Сабаил аудандық соты Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі тергеушісінің М.Х.Хусейнзадеге қатысты арызын қарады.

Сот Хусейнзадеге қатысты 4 ай мерзімге бұлтартпау шарасын тағайындады.

Күдіктіге Әзербайжан Қылмыстық кодексінің 28, 214.2.3 және 28, 214.2.6 баптары бойынша айып тағылды.

Израильдік Ynet басылымының жазуынша, Әзербайжанның арнайы қызметі Израиль елшілігіне лаңкестік әрекет жасау әрекетінің алдын алған.

Ақпаратқа сәйкес, елшілікке қару ұстап кірмек болған кезде ұсталған азамат  — Иранның тумасы.

Бұған дейін шілде айында Әзербайжан МҚҚ елде лаңкестік әрекет жасамақ болған Ауғанстанның 1990 жылғы азаматы Фавзан Мұса Ханды ұстады.

TuraNews

Back to top button