БастыСаясат

Әзербайжан СІМ Канада премьер-министрінің мәлімдемесін айыптады

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Канада Сыртқы істер министрі Мелани Джолидің 22 қыркүйекте жасаған Қарабақ туралы мәлімдемесін айыптап, толығымен жоққа шығарды.

Бұл туралы министрліктің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде жариялаған жауапта айтылған, деп жазады Kazinform агенттігі.

Мәлімдемеде ресми өкіл канадалық министрді армян-әзербайжан қақтығысына қатысты фактілерді бұрмалағаны үшін сынға алды.

«Армения мен Әзербайжан арасындағы шиеленіс төрт жыл бұрын халықаралық құқық нормалары мен қағидаттары негізінде аяқталды. Әзербайжан 2023 жылы Қарабақ аймағындағы егемендігін толығымен қалпына келтіріп, Армения қарулы күштерінің заңсыз қатысуын тоқтатты», — деп жазды Гаджизаде.

БАҚ хабарлауынша, Канада сыртқы істер министрі Мелани Джоли 22 қыркүйекте жасаған мәлімдемесінде Қарабақтағы жағдайға тоқталған. Ол Әзербайжанның аймақтағы әскери операциясының бір жылдығын атап өтіп, 100 мыңнан астам бейбіт тұрғынның, оның ішінде 30 мың баланың жер аударылғанын және гуманитарлық қажеттіліктердің артқанын дәлел етті. Джоли Әзербайжанның әскери әрекеттері мен Лачин дәлізіне гуманитарлық жүктердің қоршауын сынға алып, Армения мен Әзербайжан арасында конструктивті келіссөздер жүргізуге және жан-жақты бітімгершілік келісімге келуге шақырды.

«Канаданың біздің аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалай орнату керектігі туралы айтуға моральдық құқығы жоқ. Мұндай арандатушылық және негізсіз мәлімдемелер халықаралық құқық қағидаттарын құрметтеуге негізделген аймақтың болашақ дамуы мен ілгерілеуіне кедергі жасаудан басқа ештеңе емес», — деп қосты министрлік өкілі.

Бұған дейін Баку америкалық конгрессмендерді Әзербайжан туралы фактілерді бұрмалады деп айыптаған болатын. Сыртқы істер министрлігі АҚШ Конгресіндегі кейбір топтардың Әзербайжандағы жағдайды ашық түрде бұрмалап, адам құқықтарын бүркеніп, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына құрметсіздік танытқанын атап өтті.

Бұған қоса, Әзербайжан СІМ Нидерландтың 13 қыркүйекте жарияланған сыртқы саяси бағдарламасын сынға алды, онда Әзербайжан мен Армения арасындағы 44 күндік соғыс «Таулы Қарабақты басып алу» ретінде деп сипатталған.

Әзербайжан СІМ сондай-ақ Франция сыртқы саяси ведомствосының осы елдің азаматтарын Оңтүстік Кавказ республикасына барудан бас тартуға шақырған мәлімдемесін айыптады.

TuraNews

Back to top button