Әзербайжан СІМ басшысы Қазақстанға бейбітшілік процесін ілгерілетудегі қолдауы үшін алғыс айтты
10 мамыр күні Алматыда Әзербайжан мен Армения республикасының сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян жұмыс сапары барысында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қазақ-әзербайжан стратегиялық әріптестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірдегі ағымдағы ахуал бойынша пікір алмасты.
Әзербайжан тарапы Әзірбайжанның Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен соңғы кезде кеңейіп келе жатқан қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Сондай -ақ экономика, сауда, инвестиция, энергетикалық қауіпсіздік, көлік және коммуникация салалары бойынша екіжақты әріптестікпен қатар өңірлік және халықаралық платформалардағы, атап айтқанда түркі мемлекеттерінің ұйымы аясындағы ынтымақтастықтың кең келешегі бар екені атап өтілді.
«Қазіргі жағдай туралы айта келе, министр Джейхун Байрамов қазақстандық тарапқа Әзербайжан мен Армения арасындағы екіжақты бейбітшілік процесін ілгерілету бағытындағы қолдауы мен белсенділігі үшін алғысын айтты. Бүгінгі келіссөздер осы процеске өз үлесін қосатынына сенім білдірілді», — делінген Әзербайжан СІМ мәлімдемесінде.
Екі елдің сыртқы істер министрлері өзара мүдделі басқа да мәселелер бойынша пікір алмасты.
Бұған дейін Әзербайжан мен Армения республикасының сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян арасындағы келіссөз аяқталғаны туралы жазған едік.
Еске салайық, 10 мамыр күні Әзербайжан мен Арменияның cыртқы істер министрлері келіссөз жүргізуге Алматыға келген болатын.
Айта кетейік, сәуір айында Ереванда өткен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударған болатын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы, бұл кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал ететінін айтқан еді.
Бұған дейін Қазақстан келіссөз өткізу үшін алаң ұсыну арқылы жәрдем көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.