Әзербайжан Ресей елшісіне наразылық білдірді
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының елшісі Михаил Евдокимовты шақырып, ресейлік тараптың достыққа жат әрекеттеріне байланысты ресми наразылық білдірді,

Бұл туралы Әзербайжан СІМ ресми хабарлады, деп жазады adyrna.kz.
Кездесуді Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Араз Азимов өткізді. Әзербайжан тарапы Екатеринбург қаласында 27 маусымда болған оқиғаға байланысты алаңдаушылығын білдірді. Сол оқиға кезінде ресейлік күш құрылымдарының заңсыз әрекеттерінен екі әзербайжан азаматы қаза тауып, бірнеше адам ауыр жарақат алған.
СІМ өкілдерінің айтуынша, ресейлік тараптың қаза болған Сафаров бауырларына қатысты мәлімдемелері Әзербайжанда жүргізілген тәуелсіз сараптама нәтижелерімен сәйкес келмейді. Сараптама барысында марқұмдардың денесінде зорлық-зомбылықтың айқын белгілері анықталған.
Әзербайжан ресейлік БАҚ-та әзербайжандықтарға қатысты «этникалық қылмыстық топ» деген секілді кемсітушілік сипаттағы сөздерді қолданудың жол берілмейтінін де атап өтті.
Сонымен қатар, елші Евдокимовқа «Sputnik-Әзербайжан» агенттігі кеңсесінде жүргізілген құқық қорғау операциясына қатысты Ресейдің наразылығы негізсіз екені түсіндірілді.
Кездесуде былтыр желтоқсанда Ресей әуе кеңістігінде болған AZAL жолаушылар ұшағының апаты да сөз болды. Әзербайжан тарапы Ресейдің тиісті әрекет жасамауын және ресейлік БАҚ пен шенеуніктер тарапынан фактілердің бұрмалануын сынға алды. Әзербайжан Ресейден ұшақ апатына қатысты толыққанды, ашық тергеу жүргізуді, кінәлілерді жауапқа тартуды және зардап шеккендерге өтемақы төлеуді талап етуде.
Әзербайжан соңғы 4-5 айда ресейлік саясаткерлер мен БАҚ өкілдерінің Әзербайжанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы айтқан сөздері екі ел арасындағы қарым-қатынастарға кері әсер еткенін мәлімдеді.
Әзербайжан ресейлік тарапты екіжақты қатынастардағы шиеленісті азайтып, қалыпты дипломатиялық ынтымақтастықты қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды.