Әзербайжан COP29 қарсаңында санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтті
Әзербайжанда бірқатар мемлекеттік орган өкілдері COP29 халықаралық конференциясы аясында маймыл шешегінің алдын алу мәселесі бойынша кеңес өткізді.
ӘР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, кездесуге цифрлық даму және көлік министрлігінің, Мемлекеттік шекара қызметінің, Мемлекеттік Кеден комитетінің, міндетті медициналық сақтандыру жөніндегі мемлекеттік агенттіктің, медициналық аумақтық бөлімшелерді басқару жөніндегі бірлестіктің (TƏBIB), «Әзербайжан авиакомпаниялары» ЖАҚ және Баку халықаралық теңіз сауда портының уәкілетті өкілдері қатысты, деп жазады Kazinform агенттігі.
Тараптар қараша айында өтетін елдегі Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенция (СО29) конференциясының 29-шы сессиясын өткізуге байланысты тиісті құрылымдардың бірлескен қызметін ұйымдастыруға байланысты іс-шаралар жоспарын егжей-тегжейлі талқылады.
Жиынға қатысушылар маймыл шешегі вирусының көптеген елдерде тез таралып жатқанын ескере отырып, республика аумағында алдын алу шараларын жүргізу қажеттігін атап өтті. Спикерлер пікір алмасып, ұсыныстар тыңдалды.
Денсаулық сақтау министрлігі Әзербайжанда бүгінге дейін маймыл шешегі вирусын жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмегенін айтты.
— Ел аумағында, әсіресе шекарадан өткізу пункттерінде қауіпті вирусты жұқтырудың ықтимал жағдайларына эпидемиологиялық қадағалау күшейтілді. Ведомство жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр, — делінген министрліктің хабарламасында.
1 қыркүйекте Кенияның Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегін жұқтырудың төртінші жағдайын растады. Конго Демократиялық Республикасы Африка мен әлемнің бірнеше елдеріне тараған аурудың ошағы болып қала береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейін аурудың таралуына байланысты денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай жариялаған болатын.