БастыСаясат

Әзербайжан БРИКС-ке кіруге ниетті

Әзербайжан БРИКС-ке толыққанды мүше болғысы келеді.

Бұл туралы Санкт-Петерборда өткен Х БРИКС Парламенттік форумының пленарлық отырысы барысында Әзербайжан Милли Мәжілісінің (парламентінің) төрағасы Сахиба Гафарова мәлімдеді, деп жазады Kazinform агенттігі.

– Әзербайжан сыртқы саясатында ынтымақтастықты басты орынға қояды. Бұл әсіресе екіжақты қатынастарға және халықаралық платформалардағы іс-шараларға қатысты. Оның ішінде БРИКС-пен ынтымақтастық та бар. Әзербайжан БРИКС-ке қосылуға ниетті, — деді Сахиба Гафарова.

Оның пікірінше, парламенттік деңгейдегі ынтымақтастықты дамыту бұл мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді.

Гафарова қос стандарттарды болдырмау мақсатында халықаралық парламенттік платформалар аясында шынайы диалог орнатуды қолдады.

– Парламенттер ынтымақтастықты дамытуға ден қоюы тиіс. Біз, мысалы, Еуропарламенттегідей қос стандарттар алаңына айналмас үшін шынайы диалогты алға жылжытуымыз керек, — деді ол.

Парламент спикері БРИКС Парламенттік форумы тиімді ынтымақтастық алаңына айналатынына сенетінін айтты.

БРИКС – бес мемлекеттен тұратын мемлекетаралық бірлестік. Бұл топқа Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка кіреді. БРИКС мүшелері бірнеше рет ең жылдам дамып келе жатқан ірі елдер ретінде сипатталды. Ресей, Қытай, Үндістан және Бразилия халық саны, ауданы және жалпы ішкі өнімі бойынша әлемдегі ең ірі 10 елдің қатарына кіреді.

TuraNews

Back to top button