Әзербайжан 2025 жылы қорғанысқа бөлінетін қаражатты ұлғайтпақ
Әзербайжан 2025 жылға арналған мемлекеттік бюджетте қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікке жұмсалатын қаражат мөлшерін ұлғайтуды көздеп отыр.
«Бұл қадамдар әскери әлеуетті арттыру қажеттілігіне байланысты және Арменияның милитаризациясына жауап ретінде жасалынбақ», — деді Әзербайжанның қаржы министрі Самир Шарифов парламенттің экономикалық саясат жөніндегі отырысында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, 2025 жылға арналған бюджет жобасында қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікке жалпы мемлекеттік шығыстардың 20,3 пайызы немесе 8,396 млрд манат (4,94 млрд доллар) бөлінген. Бұл 2024 жылға болжамнан 1,27 млрд манат (747 млн доллар) немесе 17,8%-ға, ал 2023 жылы жасалған болжамнан 2,542 млрд манат (1,495 млрд доллар) немесе 43,4%-ға артық.
«Әзербайжанның қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін нығайту, әскери құрылысты модернизациялау шығындарына байланысты қаражат көлемі осыншама ұлғайды», — деді Самир Шарифов.
2025 жылға арналған бюджет шығыстарында қарулы күштерге 2 млрд 665,2 млн манат (1 млрд 567 млн доллар), ұлттық қауіпсіздікке 467 млн 917 мың манат (275,245 млн доллар), шекара қызметіне 540 млн 314 мың манат (317,831 млн доллар) бөлінген.