Ауылға қолдау: Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асырылуда
Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, экспорттық әлеуетті арттыратын және ауылдық аумақтардың орнықты дамуына ықпал ететін экономиканың негізгі салаларының бірі болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға, қайта өңдеуді дамытуға, ауыл халқының табысын арттыруға, инновациялар мен инвестицияларды тартуға бағытталған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың агроөнеркәсіптік кешені тұрақты өсім көрсетті. АӨК өнімдерінің жалпы шығарылымы 554,6 млрд теңгені құрап, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 21%-ға жоғары. Өнімнің нақты көлем индексі 102% деңгейінде қалыптасты, әсіресе мал шаруашылығы саласында өсім байқалды. Шығыс Қазақстан облысының республикалық ауыл шаруашылығы өндірісіндегі үлесі 5,7% болды.
Инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылуда. 2025 жылы облыстың ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 40,7 млрд теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. Бұл өндірістік қуаттарды, техниканы және инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартудың нәтижесін көрсетеді. Сонымен қатар, тамақ өнеркәсібінің көлемі де артып, 285,1 млрд теңгеге жетті, өсім шамамен 10% болды. Ең үлкен үлесті ет жартылай фабрикаттары, жармалар, балық және балық өнімдері, сондай-ақ ірімшік пен сары май өндірісі қосты.
Өңір республикалық деңгейдегі ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларына белсенді қатысуда. 2024–2025 жылдары 8 сүт-тауарлы ферманың құрылысы мен жаңғыртуына қаржы бөлінді, ал 2026 жылға жаңа жобаларды іске асыру жоспарланған. Ауыл шаруашылығына заманауи технологиялар енгізілуде, оның ішінде smart-фермалар мен ауыл шаруашылығы өндірісін цифрландыру, бұл жаһандық сын-қатерлер жағдайында өндірістің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының 20%-ы элиталық тұқымдармен егілді. Тыңайтқыштарды қолдану көлемі де айтарлықтай өсті: өткен жылы 61 мың тонна тыңайтқыш сатып алынды, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 46,9 мың тоннаны құраған болатын.
Сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында облыста 260,5 мың тонна сүт өндірілді, оның 78,7 мың тоннасы ұйымдастырылған шаруашылықтарға (СТФ) тиесілі. Өңірде 33 сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді, оның ішінде 6 ірі ферма негізгі өндіріс көлемін қамтамасыз етті. 2025 жылы Алтай ауданында «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС-нің 1 мыңнан астам ірі қара малды бір мезгілде ұстауға арналған сүт-тауарлы фермасы пайдалануға берілді, бұл өңірдегі өнеркәсіптік сүт өндірісін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Сүт өнімдерін қайта өңдеумен 13 кәсіпорын айналысады, олардың жалпы қуаттылығы жылына 206 мың тоннаны құрайды. 2025 жылы 129 мың тонна сүт қайта өңделді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға көп. Сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 62% деңгейінде болды, бұл өндірісті одан әрі арттыруға әлеует бар екенін көрсетеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2025 жылы 2024 жылдың қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өсімдік және мал шаруашылығы салаларында 187 жоба 2,5 млрд теңгеге қаржыландырылып, 362 жаңа жұмыс орны құрылды. 2025 жылы бағдарламаны іске асыруға 3,0 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат туризмді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға бағытталады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ұсыныстары негізінде жетілдірілуде. Облыстың барлық аудандарында өткізілген көшпелі кездесулердің нәтижесінде бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ұсақ малды облыс аумағында сатып алу мүмкіндігі кеңейтілді, бордақылауға арналған малдың жасына қойылатын талаптар қайта қаралды, ара шаруашылығы саласында қаржыландыру бағыттары толықтырылып, марал шаруашылығы енгізілді. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушылар үшін «Даму» қорының кепілдігін пайдалану мәселесі пысықталуда.
Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нақты нәтижелер беруде: ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу көлемі өсіп, инвестициялық белсенділік артып, жаңа жұмыс орындары құрылуда және ауыл халқының тұрмыс деңгейі жақсарып келеді. Ауылға қолдау көрсету – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді және АӨК-тің одан әрі дамуының берік негізі саналады.



