Шемонайха ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айым Танашқызы Қабылбаева «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін сәтті бастап отыр.
Жоба бойынша кәсіпкер 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, тігін саласын дамытуға бағытталған жобасын іске асыруда. Алынған 8 миллион теңге қаражатқа заманауи кәсіби жабдықтар — тігін машиналары, вышивальная машина, оверлок, DTF-принтер, түрлі тігін фурнитуралары мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.
Бүгінде шағын шеберханада ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі киімдер тігіледі. Кәсіптің арқасында жаңа жұмыс орыны ашылып, жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуына мүмкіндік туды.
Айым Қабылбаеваның айтуынша, жобаның тиімділігі — қолжетімді қаржыландыру мен нақты қолдауда:
«Көп жылдан бері тігін ісімен айналысуды ойлағанмен қолымда қаражат болмағандықтан бастау мүмкін болмады. Қажетті құрал-жабдық алу қиын болды. «Ауыл аманаты» жобасын естіген соң қатысуды жөн деп санадым. Енді өз ісімді кеңейтіп, сапалы отандық өнім шығаруға ниеттімін. Партия мен мемлекетке көрсеткен қолдауы үшін алғысым шексіз», – дейді кәсіпкер.
Қазір кәсіпкердің ай сайынғы таза табысы шамамен 300 мың теңгені құрап отыр. Бұл жоба ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттырумен қатар, өңірдің экономикалық дамуына да үлес қосуда.
  
  
  
  
  
  


