Экономика

«Ауыл аманаты» – ауыл кәсіпкерлігі үшін жаңа мүмкіндік

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында қыс қытымыр мінезін танытып тұр. Даланы ақ ұлпа қар басып, аяз сүйектен өтеді. Алайда дәл осы мезетте өңірдің бір шаруашылығында Африканың ыстық лебі сезіледі. «Тоғанас» шаруа қожалығының иесі Есенбек Мурсалимов экзотикалық бағытты таңдап, түйеқұс өсіруді қолға алған.

Бүгінде шаруашылықта екі аналық және бір аталық түйеқұс бар. Құстар Түркістан өңірінен жеткізілгеніне он күннен асты. Кәсіпкер оларға жылы қора дайындап, күтімі мен қорегін жіті қадағалап отыр. Алдағы уақытта инкубатор арқылы жұмыртқадан балапан шығарып, құс санын арттыру жоспарда бар. Болашақта түйеқұс етін өндіру бағытында да жұмыс жүргізу көзделуде.

Түйеқұс – тек сыртқы келбетімен таңғалдыратын ерекше құс қана емес. Ол – күш пен төзімнің символы іспетті. Көпшілік арасында «басын құмға тығады» деген түсінік бар. Алайда бұл – шындыққа жанаспайтын миф. Қауіпті сезгенде түйеқұс жерге жата қалып жасырынады немесе сағатына 70 шақырымға дейін жүйткіп, көз ілеспес жылдамдықпен қашады. Ал жұмыртқасын қырық күннен астам уақыт басып шығарады.

Сонымен қатар, аталық түйеқұстардың айрықша қуатты болатыны да ескеруді қажет етеді. Қауіп төнген жағдайда олардың артқы аяқпен жасайтын соққысы айтарлықтай күшке ие. Сондықтан мұндай шаруашылықта жауапкершілік пен сақтық – басты қағида.

Түйеқұс шаруашылығы – тек экзотика емес, экономикалық әлеуеті жоғары кәсіп. Еті – диеталық әрі құнарлы, жұмыртқасы мен қауырсыны да нарықта сұранысқа ие. Бұл – ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндік, тың серпін.

Есенбек Мурсалимовтың бастамасына отбасы да демеу болып отыр. Жұбайы өмірлік серігінің әр идеясын қолдап, ортақ істің өрге басуына үлес қосуда.

Ұлан даласында басталған бұл қадам – ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа тынысы. Қыстың қақаған аязында Африка лебін сездірген түйеқұстар енді өңірдің тағы бір ерекшелігіне айналуы әбден мүмкін.

TuraNews

Back to top button