Әлем

Ауғанстанда алғашқы мұнай шықты

Талибан мен Қытайдың «CAPEIC» компаниясы арасындағы ынтымақтастыпен Ауғанстанның Сар-и Пуль уәлаятында алғаш рет мұнай шыға бастады, деп жазады Turanews.kz.

Сар-и Пуль уәлаятының Қашқари аймағындағы мұнай ұңғымасынан мұнай өндіруді бастау рәсіміне Талибан уақытша үкіметінің Тау-кен және мұнай министрінің өкілі Шахабеддин Дилавер және қытайлық компания өкілдері қатысты.

Дилавер өз сөзінде 2023 жылдың соңына дейін бұл аймақтағы тағы 15 мұнай ұңғымасының жөнделіп, іске қосылатынын атап өтті.

Шетелдік инвесторларды Ауғанстанға шақырған Дилавер алдағы уақытта аймақтағы мұнай ұңғымаларынан 100 тонна мұнай алынатынын мәлімдеді.

Басқа жақтан Талибан әкімшілігі Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазари Шариф пен Шибирган қалалары арасында 95 шақырымдық табиғи газ құбыры жобасының басталғанын жариялады.

5 қаңтарда «Талибан» уақытша үкіметі мен қытайлық «CAPEIC» компаниясы арасында елдің солтүстігіндегі Әму өзенінің айналасында мұнай барлау және өндіру туралы келісімге қол қойылған болатын.

Келісімге сәйкес, мұнай барлау жұмыстары Жузжан, Фарьяб және Сар-и Пуль уәлаяттарында жалпы көлемі 4500 шаршы шақырым жерде жүргізіледі. Қытайлық компания бірінші жылы 150 миллион доллар, ал алғашқы 3 жылда барлығы 540 миллион доллар инвестиция салады деп жоспарланды.

Келісімшарт мерзімі 25 жыл, бірақ қытайлық компания 1 жыл ішінде өз міндеттемелерін орындамаса, келісім-шарт автоматты түрде жойылатыны білдірілген еді.

Талибанның алдымен жобаның 20 пайыздық үлесін алатыны, уақыт өте келе бұл үлестің 75 пайызға жететіні білдіріліп, жоба аясында 3 мың ауғанның жұмыспен  қамтамасыз етілетіні хабарланған болатын.

Via
TRT

TuraNews

Back to top button