
Өзбекстанда елді қауіпсіз туристік бағыт ретінде ілгерілету үшін ауқымды науқан басталады, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Самарқан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте мәлімдеді.
— Өздеріңіз көріп отырғандай, жаһандық тұрақсыздыққа байланысты жеткізу тізбегіндегі үзілістер, мұнай бағасының өсуі және көлік шығындары азық-түлік бағасына табиғи түрде әсер етіп отыр. Сонымен қатар шамамен 100 млн турист сапарлау үшін қауіпсіз және сенімді бағыттарды іздейді. Мұндай жағдайда азық-түлік өндірісін арттыру және туризм мен қызмет көрсету саласындағы мүмкіндіктерді толық пайдалану хокимдердің басты мақсаты болуы керек, — деді ол.
Сәуір айында туроператорларға қолдау көрсететін «Өзбекстандағы ашық туризм маусымы» жарияланады. Осылайша, 1 сәуірден бастап үш ай бойы олар тартылған әрбір 1000 шетелдік турист үшін 5 мың АҚШ долларына дейін субсидия беріледі. Қосылған құн салығының жартысы кэшбэк ретінде қайтарылады.
Әуе тасымалын ынталандыру үшін қаржылық шаралар қарастырылған: жаңа бағыттарды ашатын әуе компаниялары тартылған әрбір шетелдік турист үшін 100 АҚШ доллары төленеді. Бұдан басқа, оларға әуежай қызметтеріне 20% жеңілдік ұсынылады.
Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде ілгерілету жоспарланған: 5 млн-нан астам жазылушысы бар 50 шетелдік блогерге Өзбекстанға жеті күндік тегін тур пакеттері ұсынылады.
Осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол тасымалы екі есе артатыны хабарланды.



