
Атақты теннисші, «Үлкен дулыға» турнирінің 21 дүркін чемпионы Новак Джокович Астанаға ұшып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сербиялық теннисші бүгін басталған Astana Open ATP 500 жарысына қатысады.
Н.Джокович елордаға жақсы көңіл-күймен жетті. Айта кетсек, ол жексенбі күні мәреге жеткен Тель-Авив ATP 250 додасының финалында хорватиялық Марин Чиличті 6:3, 6:4 есебімен ұтып, жеңімпаз атанған еді.
Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингіде жетінші орында тұрған Н.Джокович Астана жарысының төртінші ракеткасы болып тіркелген. Новак ертең бастапқы кездесуін рейтингіде 81-сатыдағы чилилік Кристиан Гаринмен өткізеді.