Астанада Түркия Елшілігінің Кеңесшісі қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесті
15 қазан күні Астанадағы Юнус Эмре институтында Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Байланыс жөніндегі кеңесшісі Махмут Шевкет Байрамның Қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесуі өтті.

Елордада өткен жиынға Түркия Республикасы Байланыс басқармасы мен Юнус Эмре институты бірлесіп ұйымдастырған түрік тілі курстарына қатысқан 30-дан астам Қазақстандық БАҚ өкілі қатысты.
Еркін форматта өткен кездесуде екі ел арасындағы медиа тақырыптары талқыланды.
Түрік дипломаты өз сөзінде Түркия мен Қазақстан арасындағы медиа саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, ол екі бауырлас елдің өзара түсіністігі мен байланысын нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.
«2021 жылы келгеннен бері, екі бауырлас елдің бір-бірін жақынырақ тануы және бауырластық байланыстарын нығайтуы үшін екі ел арасындағы медиа саласында түрлі жұмыстарды іске асырдық және алдағы уақытта да жалғастырамыз» – деді Махмут Шевкет Байрам.
Кездесу соңында қатысушылар топ болып естелік суретке түсті.